Ақмола облысы Аршалы ауданында әлеуметтік қызметкер зейнеткердің жеке жинағынан 200 АҚШ долларын ұрлады деген күдікпен тергеліп жатыр. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға 2025 жылдың шілде айында тіркелген. 1953 жылы туған зейнеткер полицияға шағымданып, үйіндегі қолма-қол ақшасынан 200 доллар жетпейтінін айтқан. Жедел тергеу барысында зейнеткер ақшаны үйінде еркін қолжетімді жерде сақтағаны анықталды. Осы уақыт ішінде оған тек әлеуметтік қызметкер ғана кіріп жүрген, - делінген ПД хабарламасында.
Нәтижесінде полицейлер 32 жастағы ауыл тұрғынының қылмысқа қатысы барын анықтады. Күдікті зейнеткерге біраз уақыттан бері үй шаруасына көмектесіп жүрген. Тергеу кезінде ол кінәсін мойындады.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Полиция тұрғындарға жеке мүлкін сақтау кезінде сақтық шараларын қаперде ұстауды ескертеді.