Ақмола облысында 11 мектеп жаңартылып жатыр

19 Тамыз 2022, 17:27
1904
Бөлісу:
Ақмола облысында 11 мектеп жаңартылып жатыр

Ақмола облысында өңірлік бюджет қаражаты есебінен және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 11 мектеп жаңартылып, күрделі жөндеуден өтуде, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Өңірде 11 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Тоғыз мектептегі жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталады. Сондай-ақ, өңірде 6,7 мыңнан астам орынға арналған 15 мектептің құрылысы жалғасуда.

Облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіповтың айтуынша, 11 мектепке күрделі жөндеу жүргізуге облыстық және республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінген. 

Ауыл мектептері де назардан тыс қалмайды. «Ауыл - ел бесігі» арнайы жобасы аясында екі мектеп қалпына келтіріледі. Бұған 628 миллион теңгеге бағытталып отыр. Тоғыз мектептің күрделі жөндеуі жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталады, – деп сендірді облыстың бас педагогы.

Ол сондай-ақ мердігерлердің шарттық міндеттемелерін дұрыс орындамауына байланысты екі мектептегі жұмысты аяқтау мерзімдерін кешіктіру қаупі бар екенін атап өтті. Бұлар Егіндікөл ауданы Егіндікөл ауылының №2 және Жарқайың ауданындағы Отрадное ауылының негізгі орта мектебі.

Жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін олардың оқушылары үшін оқу орындары анықталатын болады, – деп атап өтті Бейбіт Жүсіпов.

Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан орта білім беру ұйымдарының қатарында Ақкөл қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Исаков атындағы №1 мектеп бар. Ғимарат сонау 1978 жылы салынған. Жобалық қуаты – 620 оқушыға арналған. 2020 жылы мұнда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сол жылы құрылысшылар шатырды ауыстырды, пластик терезелер орнатты, еденді жөндеді, сондай-ақ спортзалға жылыту батареяларын орнатты. Бас мердігер-павлодарлық «КазЕвроСтрой» компаниясы.

Күрделі жөндеу аясында ішкі әрлеуден басқа, терезелер мен есіктер, қоршаулар ауыстырылады, ғимараттың қасбеті, электр қуаты, өрт дабылы, едендер, спорт алаңы мен хоккей корты, қазандық жаңартылады, – деп нақтылады басқарма басшысы.

Жұмысты оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарлануда. Құрылысқа келер болсақ, биыл өңірде 6752 орындық 15 мектеп салу жалғасуда. Оның ішінде Өтеміс ауылында 120, Жаңа жолда 80, Целиноград ауданының Шұбар ауылында 300, Аршалы ауданының Жібек Жолы және Жалтыркөл ауылдарында 300 орындық; Біржан сал ауданының Бұланды ауылында 80, Сандықтау ауданының Петровка ауылында 80; Көкшетауда 320 орындық оқу-тәрбие кешені, Степногорск маңындағы Бестөбе кентінде 300, Көкшетау қаласындағы Қосшыда әрқайсысы 1200 орындық үш мектеп, сондай-ақ Ақкөл қаласындағы №4 орта мектепке, облыс орталығындағы №4 арнайы мектеп-интернатқа қосымша ғимараттар салынуда.

Бүгінде Қосшыдағы 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Ол 1 қыркүйекте есігін айқара ашады. Жыл соңына дейін тағы бес ғимаратты іске қосу жоспарлануда. Олардың жалпы қуаттылығы 1932 орындық (Өтеміс, Жібек Жолы ауылдарында, Қосшы қаласында, Көкшетаудағы оқу-тәрбие кешені және Ақкөлдегі орта мектепке қосымша ғимарат). Қалған тоғыз мектеп – 2023 жылы қолданысқа беріледі, - деп түсіндірді Бейбіт Жүсіпов.

Жаңа оқу жылында Ақмола облысының 546 мектебіне 136 мыңнан астам оқушы, оның ішінде 14 879 бірінші сынып бүлдіршіндері мектеп табалдырығын аттайды.

Ғимараттар жылу беру маусымына дайындалуда. Блокты-модульді қазандықтар орнатылуда, отын сатып алынуда. Сондай-ақ, мектептердің қауіпсіздігіне үлкен көңіл бөлінеді.  Бүгінде барлық мектеп пен балабақшалар бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Білім беру ұйымдарында турникеттер мен дабыл түймелері орнатылады. 1 қыркүйекке дейін облыстың қалалары мен аудан орталықтарындағы барлық мектептер мамандандырылған күзетке өтеді, - деп түйіндеді басқарма басшысы.

Өзгелердің жаңалығы