Ақмола облысына бір тәулікте 600-ден астам Ресей азаматы келді

28 Қыркүйек 2022, 10:39
1193
Бөлісу:
Ақмола облысына бір тәулікте 600-ден астам Ресей азаматы келді

Өткен бір тәулік ішінде Ақмола облысына 601 Ресей азаматы келді. 21-27 қыркүйек аралығында өңірге 1436 ресейлік келген. Бұл туралы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев мәлімдеді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

26 қыркүйектегі жағдай бойынша Ресей Федерациясында ішінара жұмылдыру туралы жарияланған сәттен бастап Ақмола облысына Ресей Федерациясының 1436 азаматы уақытша келді, өткен тәулікте – 601 ресейлік келді. Оның ішінде ішкі істер органдарына – 351, визалық-көші-қон порталы арқылы – 264, «Е - қонақ» мобильдік қосымшасы арқылы жүгінгендер  – 821. Елімізде уақытша тұруға 257, бір тәулік ішінде 31 рұқсат берілді, – деп бөлісті Малғаждар Тәткеев.

Әкім орынбасарының айтуынша, өңірде тұрақты тіркеу есебінде тұруға ықтиярхаты бар 4499 Ресей азаматы, оның ішінде 269 кәмелетке толмаған азамат тұр. Жыл басынан бері РФ азаматтарына тұрақты тұруға 343 рұқсат берілді, Ресейлік 57 азамат, оның ішінде 10 қандастан ҚР азаматтығын қабылдау туралы қолдаухат қабылданды.

Көкшетау қаласының ХҚКО-да ЖСН алуға келген РФ азаматтарынан өтініштер қабылдау үшін қосымша үш терезе және жеке электрондық кезек пайда болды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет «мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Ақмола облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жасқайрат Еслямбеков мәлімдеді.

Бүгінгі таңда ХҚКО-ларға ЖСН қалыптастыру бойынша қызмет алу үшін көрші мемлекеттерден шетел азаматтарының келуі байқалады. Мәселен, 26 қыркүйекте облыс бойынша ХҚКО - ларға шетелдік азаматтың ЖСН алу үшін 508 өтініш беруші жүгінді (салыстыру үшін өткен аптада 421), - деп бөлісті ол.

Өтініштердің басым бөлігі Көкшетау қаласында - 287, Бурабай ауданының бөлімшесінде - 73, Қосшы қаласында - 49 тіркелген. 27 қыркүйекте 13.30-дағы жағдай бойынша ЖСН қалыптастыру бойынша 266 қызмет көрсетілді.

Көкшетау қаласының ХҚКО-ларында ұзын-сонар кезекті болдырмау үшін ЖСН қалыптастыру бойынша қызметті Әуезов көшесі, 289 а мекенжайы бойынша орналасқан Көкшетау қаласының № 1 бөлімшесінде ғана көрсету туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, жеке электронды кезек пайда болды. Бұл шаралар қала тұрғындары ХҚКО - да мемлекеттік қызметтерді кедергісіз алуы үшін қабылдануда, - деп түсіндірді Жасқайрат Еслямбеков.

Өтініш білдірген азаматтарды қабылдау үшін терезелер санын арттыру бойынша осындай жұмыс бүкіл облыс бойынша, атап айтқанда Бурабай ауданында, Степногорск және Қосшы қалаларында жүргізілуде.

Өткен тәулікте облыс бойынша шетелдік азаматтардан ЖСН алуға 350 өтініш келіп түсті.

Өзгелердің жаңалығы