Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжанов ОКҚ алаңында өткен брифингте су тасқыны салдары қалай жойылғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл елімізде болған су тасқыны біздің өңірімізге де зардабын тигізді. Оның салдарын жою жұмысы бүгінде аяқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 820-дан астам отбасының мүлік шығыны өтелді. 715 отбасыға үйлерін жөндеуге өтемақы төленді, - деді өңір басшысы.
Сонымен қатар шамамен 2000 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. 221 отбасыға пәтерлер мен үйлер сатып алынды.
Сондай-ақ әкімдік облысымызда 330 отбасы үшін жаңа үйлер салып берген.
Су тасқыны кезінде жол инфрақұрылымдары да зақымдалды. Барлық учаскелерде жол қозғалысын дереу қалпына келтірдік. Апат кезінде зақымдалған 3 көпір бойынша қазір жобалар дайындалып жатыр. Нәтижесі бойынша оларды да реттейміз. Бүгінде 174 елді мекенде 65 шақырым су өткізу арнасы жасалып, 38 шақырым өзен арнасы тазартылды. Су өткізу арнасының 34 шақырымы кеңейтіліп, тереңдетілді, - деп атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді Марат Ахметжанов брифингте.