Ақмола диқандары ел қамбасына 6,3 млн тонна астық құйды

Қазіргі уақытта 2027 жылғы көктемгі егіс науқанына дайындық басталды.

 Ақмола облысының әкімдігі 10 Қараша 2026, 06:35
10 Қараша 2026, 06:35
174
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Ақмола облысының диқандары 2026 жылғы егін жинау науқанында 6,3 млн тонна астық жинап, Қазақстан өңірлері арасында бірінші орынға ие болды.

Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 5,6 млн гектарды құрады. Дәнді және бұршақ дақылдары 4,5 млн гектар алқаптан жиналып, орташа өнімділік гектарына 14 центнерден айналды.

Жалпы жиналған астықтың шамамен 90 пайызы үшінші сұрыпты бидай болса, оның 70 пайызына жуығы ақуыз мөлшері жоғары Hi-Pro санатына жатады. Бұл санаттағы бидайдың ақуыз мөлшері 17,6 пайызға дейін, ал желімшесі 30-38 пайызға жетеді.

Өңірде майлы дақылдардан 839,1 мың тонна өнім жиналды. Сонымен қатар 168 мың тонна картоп пен 21,4 мың тонна көкөніс алынды. Мал шаруашылығы үшін 1,35 млн тонна шөп, 256,8 мың тонна пішендеме және 225,7 мың тонна сүрлем дайындалды.

Егін жинау жұмыстарына 14,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Оның ішінде 7 мыңға жуық комбайн бар. Биыл агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 324,8 млрд теңге қарастырылған.

Қазіргі уақытта 2027 жылғы көктемгі егіс науқанына дайындық басталды. Дәнді дақылдар тұқымының 539,8 мың тоннасы құйылып, өңірдің қажеттілігі толық қамтамасыз етілген.

Осылайша, Ақмола облысы биылғы егін жинау науқанын 6,3 млн тонна астықпен қорытындылап, еліміздің жетекші астықты өңірі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Наверх