«Ақ жол» партиясы жаңа саяси бағдарламасын ұсынды

«Ақ жол» жаңа Конституция жағдайындағы негізгі басымдықтары мен алдағы міндеттерін жариялады.

 ©BAQ.KZ/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 11:48
Бүгiн 2026, 11:48
142
Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

Астанада өтіп жатқан «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды съезінде партияның жаңа саяси бағыты мен бағдарламалық басымдықтары айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Партия өкілдері 15 наурызда елімізде Жаңа Конституция қабылданып, 1 шілдеден бастап қолданысқа енгенін атап өтті. Олардың айтуынша, Қазақстан жаңа даму кезеңіне қадам басты.

Мемлекеттік басқару жүйесі өзгеріп, жаңа саяси институттар құрылып жатыр. Біз бұл реформаларды қолдаймыз және кез келген өзгеріс бір күнде нәтиже бермейтінін білеміз. Ол үшін уақыт, табандылық және қоғамның қолдауы қажет. Бүгінгі мақсатымыз – съезде партиямыздың жаңа бағытын айқындап, саяси бағдарламамызды бекіту, – делінген партия өкілдерінің сөзінде.

Партияның айтуынша, саяси бағдарлама қағаз жүзіндегі құжат қана емес, «Ақ жолдың» Қазақстанның жаңа дәуіріне қандай идеямен және қандай жауапкершілікпен баратынын көрсететін құжат.

Кез келген саяси реформа адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгерткенде ғана мәнге ие болады. Яғни әділ ережелер орнап, әр азаматқа еңбек етуге, кәсіп ашуға және өзін-өзі дамытуға толық мүмкіндік берілгенде ғана нәтиже береді, – делінген съезде.

«Ақ жол» партиясы «Өзгерістер қажет» атты саяси бағдарламасы осы мақсатқа бағытталғанын мәлімдеді. Партия өкілдерінің сөзінше, елде өзгерістер басталып кеткен, ал ендігі міндет – сол өзгерістерді әр азаматтың өз өмірінде сезінуіне жағдай жасау.

Сондықтан біз құрғақ уәделерді үйіп-төкпей, елімізді одан әрі дамытудың нақты бағдарламасын ұсынамыз, – деді партия өкілдері.

Съезде «Ақ жол» демократиялық партиясы прагматиктер мен реалистер партиясы болып қала беретіні де айтылды. Партия өкілдері өздерінің әрдайым нақты шешімдер ұсынып, олардың іске асуына күш салып келгенін жеткізді.

Атап айтқанда, партия соңғы жылдары бизнеске әкімшілік қысымды азайту, кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғау, салық саясатындағы әділ өзгерістерді қолдау, парламенттік бақылауды күшейту, цифрлық экономика мен заманауи технологияларды дамыту мәселелерін көтеріп келген.

Сонымен қатар партия заңсыз шығарылған капиталды қайтару, ұлттық ресурстарды қорғау және отандық өндірісті дамыту бағытындағы бастамаларды да ілгерілеткенін мәлімдеді.

Партияның көптеген бастамалары заңнамадан және мемлекеттік шешімдерден көрініс тапты. Бұл – депутаттардың, өңірлік филиалдардың, жақтастарымыз бен белсенділеріміздің жүйелі жұмысының нәтижесі. Бірақ алда бұдан да ауқымды міндеттер тұр, – делінген съезде.

Наверх