«Ақ жол» партиясы зауыт қызметкерлерімен кездесу өткізді

Партия төрағасы Дания Еспаева биыл вагон жөндеу зауытының құрылғанына 85 жыл толғанын, ал кәсіпорында 200-ден астам адам еңбек ететінін атап өтті.

28 Шілде 2026, 12:52
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Жансая Дүйсебаева 28 Шілде 2026, 12:52
28 Шілде 2026, 12:52
140
Фото: ©BAQ.KZ/Жансая Дүйсебаева

«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері Ақмола вагон жөндеу зауытының еңбек ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кездесу барысында қатысушылар өнеркәсіпті дамыту, отандық кәсіпорындарды қолдау және азаматтардың мүддесіне қатысты заңнамалық бастамаларды талқылады. Партия төрағасы Дания Еспаева биыл вагон жөндеу зауытының құрылғанына 85 жыл толғанын, ал кәсіпорында 200-ден астам адам еңбек ететінін атап өтті.

Фото: ©BAQ.KZ/Жансая Дүйсебаева

Оның айтуынша, партия алдын ала дайындалған баяндамалар мен сұрақ-жауапқа емес, еңбек ұжымымен тікелей әрі ашық диалог форматына басымдық берген.

Біздің басты қағидатымыз – халықпен тікелей кездесу. Бүгін біз вагон жөндеу зауытының еңбек ұжымымен жүздестік. Мен үшін сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізіп, партияның Құрылтай депутаттарының сайлауына қандай ұсыныстармен қатысып отырғанын түсіндіру маңызды болды, – деді Дания Еспаева.

Кездесу барысында ол партия депутаттарының заң шығару қызметі мен жүзеге асырылған заңнамалық бастамалар туралы да айтты. Сондай-ақ банк пен микроқаржы ұйымдарының несиелері, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Дания Еспаеваның айтуынша, қолданыстағы заңнама қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтарды қорғауға арналған бірқатар тетіктерді қарастырады. Алайда көптеген қарыз алушы өз құқықтары мен берешекті реттеу мүмкіндіктері туралы жеткілікті білмейді.

Заңдар қабылданады, бірақ азаматтардың бәрі бірдей өз құқықтарын біле бермейді әрі оларды қалай қолдану керектігін түсіне бермейді. Сондықтан бүгінгі кездесудің негізгі мақсаттарының бірі – қарапайым азаматтарға тікелей қатысты заң нормаларын түсіндіру. Банктер мен микроқаржы ұйымдарының қарыз алушылары қиын жағдайға тап болған кезде қандай құқықтары мен мүмкіндіктері бар екенін білуі өте маңызды, – деді партия төрағасы.

Фото: ©BAQ.KZ/Жансая Дүйсебаева

Партия өкілдерінің айтуынша, үгіт-насихат кезеңі аяқталғанға дейін еліміздің өңірлеріндегі еңбек ұжымдарымен осындай кездесулер жалғасады. Дания Еспаеваның сөзінше, мұндай кездесулерде сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары түсіндіріліп, Құрылтайдың жұмысы мен жаңа Конституцияда көзделген өзгерістер туралы жан-жақты ақпарат беріледі.

Кездесу соңында кәсіпорын қызметкерлері партия өкілдеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, несиелеу, заңнама және өнеркәсіп саласын дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Наверх