Ақ үй X әлеуметтік желісінде саяси лидерлердің суретін және «Президент Дональд Трамп залалсыздандырған Американың жаулары» деген жазбаны жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Суретте Кубаның бұрынғы лидері Рауль Кастро, Венесуэла президенті Николас Мадуро, Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи, сондай-ақ ДАИШ (ИГИЛ) командирлерінің бірі Әбу әл-Майнуки көрсетілген.
Сондай-ақ, Рауль Кастроның фотосында оған айып тағылғаны туралы белгі көрсетілген.
Рауль Кастроға тағылған айыптар
BBC-дің хабарлауынша, АҚШ билігі Кубаның бұрынғы лидеріне «АҚШ азаматтарын өлтіру мақсатында сөз байласты» деген айып тақты.
Әңгіме 1996 жылғы оқиға туралы болып отыр. Ол кезде Куба «Brothers to the Rescue» гуманитарлық ұйымының екі ұшағын атып түсірген болатын.
Салдарынан төрт адам қаза тапты.
Кариб теңізіне АҚШ-тың соққы беруші тобы кірді
АҚШ-тың ең қуатты тасымалдаушысы Таяу Шығысқа бағыт алды. Осы аралықта Кариб теңізіне бортында USS Nimitz атомдық авиатасымалдаушысы бар АҚШ-тың авиатасымалдаушы соққы беруші тобының кіргені белгілі болды.
Бұл ақпаратты АҚШ Қарулы Күштерінің Оңтүстік қолбасшылығы растады.
Бұл топ жауынгерлік дайындықтың шыңын, теңдессіз соққы беру қашықтығын, сондай-ақ стратегиялық басымдықты көрсетеді, - делінген Америка қолбасшылығының мәлімдемесінде.
АҚШ пен Куба арасындағы қарым-қатынас жарты ғасырдан астам уақыт бойы шиеленісіп тұр. Куба революциясынан кейін және Фидель Кастро билікке келген соң, Вашингтон Гаванаға қарсы экономикалық эмбарго енгізді, бұл шектеулер 1960 жылдардың басынан бері қолданылып келеді.
Венесуэла есебінен Кубаға қолдау көрсету
Соңғы жылдары Венесуэла Куба үшін экономикалық қолдаудың ең маңызды көзіне айналды. Каракас аралға мұнайды жеңілдікті шарттармен жеткізіп тұрды, бұл Куба билігіне елдің энергия жүйесі мен экономикасын ұстап тұруға көмектесті.
Алайда АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы санкцияларынан кейін отын жеткізу көлемі күрт азайды.
Куба өзін-өзі қорғау құқығы туралы мәлімдеді
Енді Куба СІМ АҚШ тарапынан шабуыл жасалған жағдайда елдің соққыға тойтарыс беруге дайын екендігі туралы мәлімдеме жасады.
Тиісті хабарлама X әлеуметтік желісінде жарияланды. Сыртқы саяси ведомство агрессия орын алған жағдайда республика өзін-өзі қорғау құқығын пайдаланатынын атап өтті.
Куба СІМ басшысы Бруно Родригес бұған дейін ықтимал әскери қақтығыс гуманитарлық апатқа және көптеген адамның өліміне әкелуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, АҚШ-тың Кубаға шабуыл жасауына ешқандай негіз жоқ.
Куба армия дайындығын күшейтуде
Газета.ru-дың хабарлауынша, Куба билігі бір мезгілде АҚШ-пен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруді және экономикалық ынтымақтастықты дамытуды жақтайды.
Сонымен бірге, БАҚ-та Вашингтонда әскери әрекет ету нұсқалары талқыланып жатқаны және Куба жағалауында АҚШ-тың барлаушы дрондары бақылау жүргізіп жатқаны туралы ақпарат пайда болды.
Бұған дейін Куба Сыртқы істер министрінің орынбасары Карлос Фернандес де Коссио халықаралық жағдайдың шиеленісуі аясында республика қарулы күштердің дайындығын күшейтіп жатқанын хабарлаған еді.