Апорт және алма бақтары - Алматының жаңа туристік келбетіне айналып келеді

Бөлісу:
Апорт және алма бақтары - Алматының жаңа туристік келбетіне айналып келеді

«Алматының алтын тәжі» атанып кеткен апорт алмалары қаланы алыс-жақын шетелдерге танытып, бүгінде шаһардың әлеуетін арттырып келеді. Алматы қаласының аумағында жер телімінің аздығынан алма бағын өсіру жұмыстары қаланың шеткі аймақтарында іске асырылып жатыр. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі қала маңындағы алма бақтарына, туристік әлеуетіне тоқталып өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының алмасы әлемге танымал ұлттық брендке айналуы керектігін атап өткен еді. Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалып, 2023 жылы Алматының апорты Қазақстан бренді ретінде тіркелді. Бүгінде апорт бақтарын қалпына келтіру бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып, жыл сайын мыңдаған алма ағаштарының көшеттері отырғызылып жатыр. Қазақстан жыл сайын 260 мың тоннадай алма жинап, оның негізгі бөлігін ішкі нарыққа жібереді.

Апорт теңіз деңгейінен 900-1200 метр биіктікте өседі

Еліміздің алмасын әлемге танытқан апорттың бағасы қымбат болуына да оның кез келген жерде өспейтіні себеп болса керек. Апорттың күзгі-қысқы түрі қазіргі уақытта Алматы облысында өседі. Алма бақтары қала маңындағы «Таулы қырат», «Бесқайнар», «Рысқұлов», «Белбұлақ», «Бесағаш» (Талғар ауданы) «Есік» (Еңбекшіқазақ), «Алатау» және «Жандосов» ауылдары (Қаскелең ауданы) аумағында орналасқан. Бақтардың көпшілігі теңіз деңгейінен 900-1100 метр биіктікте өсіріледі. Өнімнің жалпы жиынтығы 20 000 тонна шамасында. Осы ретте айта кетерлігі, тау бөктеріне алма өсіру аса пайдалы. Өйткені оның тамыры лай көшкінін болдырмауға септігін тигізеді. Топырақтың көшуін болдырмай, оны ұстап тұрады. Бұл туралы «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» маманы атап өтті.

Апорт және алма бақтары - Алматының жаңа туристік келбетіне айналып келеді

Апорт алмасы теңіз деңгейінен 900-1200 метр биіктіктегі климат жағдайында өседі. Өйткені дәл осы биіктікте өскен апорт өзінің сапасын, өнімділігін көрсетеді. Алматы апорты үшін жауын-шашынның мөлшері, активті температуралар жиынтығы – барлығы маңызды. Оның пісу уақыты мен жинау технологиясы бар. Апорт сорты шетелден енгендігі көпшілікке мәлім. 1865 жылы Ресейден жер аударылған Егор Редько өзімен бірге «Александр» және «қан қызыл» сұрыпты апорт көшетін ала келіп, Алатау бөктеріне еккен. Кейін біздегі сиверс алмасына ұластырған. Сол арқылы өте үлкен, әдемі, хош иісті өнім алған. Олай болса, апорт қалайша Қазақстан брендіне айналды деген сұрақ туындайды. Ол еліміздің климатына байланысты. Апорт біздің климатқа өте жақсы бейімделіп, сорт ретінде әлеуетін көрсеткен және жерсінген, – дейді Сәуле Қазыбаева.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, қазіргі сәтте апорттың Алматы және Жетісу облыстарындағы жалпы аумағы 2000 гектарды құрайды.

Жетісу облысында сиверс алмасының 67 мың көшеті отырғызылған

Жыл сайын Сарқант ауданында Жоңғар Алатауы ұлттық паркінің аумағында 30 га аумаққа жас көшеттер отырғызылады. Бүгінге дейін сиверс алмасының 66 800 көшеті егілген, ал саябақтағы осы сорттың аумағы 4800 га. Бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Сиверс алма ағашының гүлдеуі» фестивалі ұлттық бренд ретінде алма бақтарын сақтап, көбейтуге бағытталған. 
 

Апорт және алма бақтары - Алматының жаңа туристік келбетіне айналып келеді

Фестивальге келушілер тек қана алма көшеттерін отырғызып қана қоймай, қаланың туристік әлеуетін артырады. Жыл сайын көшеттерді отырғызуға келетіндердің саны артып, қызығушылық арта бастаған. Ұлттық саябақ Сиверс, Недзвецкий алма ағаштарын, жалпы әлемдік маңызы бар генетикалық ресурстар көздерін сақтауға, қалпына келтіруге ерекше назар аударады. Қазіргі кезде «Қызыл кітапқа» және Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне енгізілген сиверс алма ағашының жабайы жеміс екпелері ұлттық парктің жалпы алаңының 1,05%-дан астамын алып жатыр және олардың саны жыл сайын артып келеді. Фестивальге келушілер соңғы жылдары жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған алманың сортын сақтап, қазақ даласында көбеюіне үлкен көмек қосары сөзсіз.

“Талғар тасжолында орналасқан алма бағы”

Алматы қаласынан жарты сағаттық жерде Іле алқабындағы Іле Алатауының әсем беткейлерінде алма ағаштарын көруге болады. Бұл жерде алманың түр-түрі өсіріліп, қала мен аудан түрғындарын қамтамасыз етеді. Алма бағы – Талғар қаласының мақтанышы. Сәуірден қазан айына дейін бұл жерге туристер ағылады. Оның екі себебі бар: бірі – бақта серуендеу болса, екіншісі – ағаштардан түсіп жатқан алманы жинап алу. 
 

Апорт және алма бақтары - Алматының жаңа туристік келбетіне айналып келеді

Сондай-ақ жоғарғы Талғар тасжолында орналасқан бақшадан алма сатып ала аласыз. Алма бағы тұрғындардың табыс көзіне айналды. Бағбандар бабын келтірсе, саудагерлер туристер мен тұрғындарға қолжетімді бағада алмаларды ұсынады. Соңғы уақытта алма бағын аранйы іздеп келетіндердің қатары артқан. Енді бірі алманың түрлерімен танысға келсе, енді бірі суретке түсіп, жайлы демалатын орын іздегенін көруге болады.

«Алматы – бақ қала» акциясы аясында алма бақтары пайда болды

Алматы қаласында алма ағаштары отырғызу жүмыстары белесенді жүзеге асырылып келе жатыр. Мәселен, жақында, 27 сәуірде, болған науқанның аясында қалада 4 мың алма ағашы егілді. Жоба «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны аясында ұйымдастырылды. «Алматы – бақ қала» акциясына қала әкімі Ерболат Досаев та қатысып, тұрғындармен бірге ағаш отырғызды. Аталмыш науқанға қала тұрғындары мен өнер жұлдыздары да жұмылдырылды. Көшеттер ҮАК бойындағы көшенің солтүстігінде, Жаңа Сайын көшесінің шығысында орналасқан саябақ аумағында 500 жеміс ағашы, оның ішінде 250 түп алма ағашы, 250 түп өрік ағашы егілді. 
 

Апорт және алма бақтары - Алматының жаңа туристік келбетіне айналып келеді

Сондай-ақ «ALA» саябағының аумағында 2 270 алма көшеті отырғызылды. Боралдай өзенінің бойындағы бақылау алаңында 1000 жапырақты ағаш бой көтерді. Игі бастама көпке үлгі болды. Қала тұрғындары өз аулаларында да алма ағаштарын отырғызып, акция жалғасын тапты.

“Құмдағы алма бақ”

Алманың құнарлы, жайқалып түрған жасыл желекте өскенін көрген боларсыз. Бірақ қып-қызыл құм аралас құнарсыз шаңдауытта өсетін алма бағы жайлы білесіз бе? Алма бағы Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Айдарлы ауылында орналасқан. 2100 гектар алқапта алманың түр-түрін табуға болады. Бүгінде бұл жер тұрғындар, ауыл адамдары үшін тұрақты жұмыс көзі болып отыр.

Апорт және алма бақтары - Алматының жаңа туристік келбетіне айналып келеді

 «Қалауын тапса, қар жанады» демекші, қу тақыр жер бүгінде алып агрокешенге айнала бастаған. Тамшылатып суғарып, баладай баптап өсіргенің арқасында өнім жыл сайын артып келе жатыр дейді тұрғындар. Мезгілі жеткенде, гектарынан 80 тонна өнім алынып жатыр. Ішкі нарық өз алдына, өнім көрші Ресей мен Орта Азия елдеріне экспортталады.

Өзгелердің жаңалығы