АҚШ-тың Монтана штатындағы Калиспелл әуежайында шағын әуе кемесі ұшу-қону жолағында апатқа ұшырап, ірі өрт туындады. Куәгерлер түсірген бейнелерде аспанға көтерілген қалың қара түтін мен жалын анық көрінеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Daily Mail порталына сілтеме жасап.
Оқиға дүйсенбі күні түстен кейін болды. Ұшақ ұшу-қону жолағына жақындаған сәтте өртеніп, жалын жолаққа іргелес аумаққа тараған. Кейін әуе кемесі жолақта тұрған екінші, қозғалмайтын ұшаққа соғылған.
Абырой болғанда, төрт жолаушының барлығы аман қалды. Олардың екеуі ғана жеңіл жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген. Өрт сөндіру бөлімінің басшысы Джей Хагеннің айтуынша, соқтығысқан екінші ұшақта адамдар болмаған.
Құтқару жұмыстарына жергілікті полиция, шериф кеңсесі және өрт сөндірушілер қатысты. Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз.