Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Марал шаруашылығы — қазақтың ата кәсібі болмаса да, осы істі ілгерлетіп отырған азаматтар өңірімізде аз емес. Ал бұл салаға ден қойып, кәсібін дөңгелеткен нәзікжандылар тіптен некен-саяқ. Неге дейсіз бе? Өйткені маралдың мал шаруашылығынан ерекшелігі көп. Жартылай үй, жартылай түз тағысы болып келетін жануардың қыр-сырын меңгеру әйел үшін тіптен қиын екені рас. Сондықтан бұл жұмысқа бірден бел шеше кірісу екінің бірінің қолынан келе қоймайды. Әкеден қалған мұраға бас-көз болып, марал өсіруді мақсат еткен катонқарағайлық Дариға Исабаева ерекше шаруашылықты дөңгелетіп, өңірдегі туризм саласының дамуына елеулі үлес қосып отыр. Ол халық денсаулығына дәстүрлі медицинадан бөлек әдіс ұсынған жан. Оның есімі бүгінде туған жерінен әрі асып, Елордаға дейін жеткені, еңбегінің еленіп, «Туризм саласының үздігі» атануы да осыдан болар.
Бүркіттаудың бөктеріндегі шаруашылық
Қысқаша мәлімет бере кетсек, бүгінде Дариға Исабаеваның отбасына тиесілі «Баян» марал шаруашылығы Катонқарағай ауылының іргесіндегі Бүркіттаудың бөктерінде орналасқан. Соңғы жылдары табиғат аясына келіп, маралдың сорпасына түсуді мақсат еткен туристер ондағы марал басының 40 пайызға дейін көбеюіне үлес қосқан. Катонқарағайда, Өскемен қаласында, сондай-ақ Астанада ашылған пантымен емдеу және SPA-салондары медициналық туризм аясында пациенттеріне түрлі қызметтер ұсынуда. Бұдан бөлек, облыс орталығында қолға алынған панты өнімдерін дайындайтын зауыт маралдың мүйізі сияқты шикізатты соңғы межеге дейін өңдеп, ем алушыларға 16 түрлі дайын өнімді ұсынуда.
«Әңгімемді ата-анамнан бастайын. Әкеден қалған мұраға оның балалары – біз ие болып отырмыз. Ол кісі елімізге танымал азамат болған еді. Жол жөндеу саласына ерекше еңбегі сіңген, «Құрмет» орденінің иегері әрі самбо спортынан КСРО спорт шебері болды. Бүгінде ортамызда жоқ болса да, оның ізін анамызбен бірге жалғастырудамыз. Отбасында үш ағайындымыз. Үлкен ағам әкеміздің жолын қуып, жол жөндеу саласында жұмыс атқаруда. Кіші сіңлім Баянның облыс орталығында сән салоны бар. Анамыз Өскемен қаласындағы панты өнімдерін шығаратын зауыттың жұмысын дөңгелетуде. Жалпы, ешқайсымыз да қол қусырып, біреуге қол жайып отырған адам емеспіз. Әрқайсымыздың өз ісіміз, жеке мақсатымыз бар. Бұл бірінші кезекте осы ата-анамыздың бізге берген тәрбиесі деп ойлаймын, - дейді Дариға Темірбекқызы.
Туризм саласының үздігі
26 ақпан күні Шығыс Қазақстанда «Чарующий Восточный Казахстан, прекрасный Китай» қытай мәдение-туристік көрмесі өткен еді. Екі ел арасындағы туристік кластерді дамытуға бағытталған шараға қысқы маусымдағы демалыс базалымен қатар пантымен емдеу орталықтары да қатысты. Қос тараптың туроператорлары бір-бірімен кездесіп, пікір алмасқан шарада Дариға Исабаеваға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Туризм саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.
«Бұл біздің өңір үшін алғашқы болмаса да, ауданымыз үшін, осы салада еңбек етіп жүрген катонқарағайлық әріптестерім үшін үлкен жетістік болды. Мен бұл жетістікті Катонқарағай ауданындағы 14 пантымен емдеу орталықтарының ортақ жетістігі деп білемін. Мен жақсы жұмыс істедім, олар жаман істеді деуге келмес. Бұл барлығымыз 15 жыл бойы бірлесе атқарған еңбектің жемісі. Бастапқы кезеңде ауданымызда туризм мүлдем болған жоқ. Алғашқы кезде алдымызда маралдың саны мен сапасын көтеру міндеті тұрған еді. Бұл міндетті орындаған соң туризмге, оның ішінде нақты медициналық туризмге ден қойдық», - дейді Дариға Исабаева.
Қытайлықтармен әріптес болу бірінші кезекте қызметті халықаралық стандартқа сәйкестендіру керек. Осы ретте пантымен емдеу орталықтарының базасын кеңейтіп, көрсетілетін қызмет санын көбейту міндеті пайда болды. Дегенмен «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білген Исабаевтар отбасы үшін бұл қолдан келер іс екені анық. Жалпы, Шығыстың көрікті өлкесі Катонқарағайға ағылған туристер саны соңғы жылдары еселеп артқаны рас. Шөбі шүйгін, көгі майса өңірден жанына жайлылық, дертіне шипа іздеген емделушілер Қазақстанның түкпір-түкпірінен ағылуда.
Атап айтсақ, Катонқарағай ауданының аумағындағы пантымен емдеу орталықтарына келушілер санын бұған дейін көбіне өңірдің өзге аудан, қалалары мен Алматы және Астана қалаларының тұрғындары толықтырып келсе, соңғы жылдары олардың қатарына Маңғыстау, Қарағанды, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары қосылған. Бұдан бөлек, үш айға созылатын мүйіз суына түсу маусымын пайдаланып қалуды ойлаған туристер жалғыз Қазақстаннан ғана емес, сондай-ақ көрші Ресей Федерациясынан да тартылуда.
Пантымен емдеу орталығын кеңейтеміз
«Биыл жазда мүйіздің суына түсу маусымы аяқталған соң өз тарапымнан жеке инвестиция құйып, Катонқарағайдағы пантымен емдеу орталығын кеңейтуді ойластырып отырмын. Яғни қазіргі 50 орындық орталық алдағы уақытта 80 орынға дейін кеңеймек. Міне, сол кезде біз шетелдік қонақтарды да қымсынбай қарсы алатын боламыз. Соңғы уақытта шипажайларымызға келетін қонақтарға кешенді қызмет көрсетуді қолға алып жатырмыз. Бұрын дәрі-дәрмекті басқа жақтан тапсырыс беріп алдыратынбыз. Қазір олай емес, өйткені 2013 жылы Өскемен қаласында панты өнімдерін дайындайтын зауыт ашқан едік. Бүгінгі таңда онда 16 түрлі панты өнімдерін дайындаймыз», - дейді Дариға Темірбекқызы.
Дәрі-дәрмек химиялық қоспасыз Алтайдың емдік шөптерінен дайындалады. Бүгінде кәсіпорынның емдік шөптерді өңдейтін зертханасында өнімнің сапалы дайындалуына бел шеше кіріскен бірнеше маман бар.
«Катонқарағай ауданында орналасқан пантымен емдеу орталығынан бөлек Катонқарағай ауылында 18 орынға арналған кіші-гірім пансионатымыз да бар. Тау бөктерінде орналасқан пансионатқа негізінен егде жастағы адамдар келіп емделеді. Мұндай адамдардың көбінде қан қысымы жоғары болатыны белгілі. Осы себепті оларға биіктікке көтерілу тым қауіпті. Мұнда арнайы дәрігер мамандарымыз мүйіздің сорпасына түскенге дейін және түскеннен кейін пациенттеріміздің қан қысымдарын өлшеп отырады. Бұдан бөлек біздің орталықтарда кардиолог, гинеколог, уролог мамандарымыз да қызмет көрсетеді», - деп қосты Дариға Темірбекқызы.
Ақтөбе мен Ақтауда пантымен емдеу орталығын ашамыз
Марал мүйізінде кездесетін он бестен астам макро, жиырмадан астам микроэлементтер, 18 түрлі аминқышқылдары бірінші кезекте адамның бойындағы қатерлі дерттердің алдын алып, имун және жүйке жүйелерін көтеруге септігін тигізеді. Көңілі жайланып, денесі тазарған ағзаның гармондары жақсарады. Ол өз кезегінде адамның бауыр, бүйрек, жүрек, қантамыр жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуіне жол ашады.
«Жалпы, мүйіздің сорпасына түсетін уақыт бар-жоғы үш айға ғана созылады. Осы себепті зауыт ашқаннан кейінгі келесі міндет – еліміздің басқа қалаларында пантымен емдеу орталықтарын ашу болды. Өйткені өңірімізден шалғай орналасқан елді мекендердің тұрғындары осы уақыт аралығында Катонқарағайға келіп емделіп үлгермейді. Осы себепті біз Өскемен қаласында пантымен емдейтін SPA-орталық ашып, оған фито және панты бөшкелерімен емдеу, булау, маска жасау әдісін қолдануды бастадық. Сондай-ақ Астана қаласында да осындай бір орталықтың жұмысын жүргізудеміз. Осы жұмыстардан соң Ақтөбе және Ақтау қалаларынан әдісімізді франчайзинг арқылы жалғастыруды жөн көрген азаматтар табылды. Қазір ол қалаларда да біздікі сияқты пантымен емдеу орталықтары жұмыс істеп жатыр», - деп қосты сұхбаттасушымыз.
«Пантымен емдеу орталықтарына жету де мәселе емес», - дейді ол.
2009 бері такси жүргізушілерімен келісімшартқа отырған кәсіпкер азаматша кейбір алыстан келген қонақтарды алдын ала автобустан, пойыздан, не болмаса ұшақтан тосып алатынын айтты. Жол мұратын мақсат еткен жолаушының межелі орынға тоқтаусыз әрі шаршамай жетуі үшін барлық жағдайдың қарастырылғанын айтады.
«Өзімізге жеке шағын автобус алуға да болушы еді. Бірақ одан гөрі жекеменшік таксишілерді жалдағаным жөн деген шешімге келдім. Осылайша біз оларды да жұмыспен қамтимыз. Бұдан бөлек орталықтарымызда тұрақты түрде 16 адам жұмыс істесе, мүйіз кесу және сорпалау маусымында жұмысшыларымыздың саны отыздан асып кетеді», - дейді Дариға Темірбекқызы.
Маралдың сорпасына түсіп, қанын ішіп өстім
Әйел үшін бұл жұмыстың қиындығының да жоқ еместігін алға тартқан Дариға өзіне келгенде жағдайдың мүлдем өзгеше екенін айтады. Бала кезінен осы марал төңірегіндегі шаруаларға араласып өскен ол бүгінде бұл жануарды күтіп-бағудың қыр- сырымен жақсы таныс. Мүйіздің кесілуінен, оның дайын өнімге айналуына дейінгі кластерді қалыптастыра білген бизнес-леди жұмысты жүргізу үшін басты нәрсе ұжыммен ұйыса білу екенін айтады.
«Қиын емес. Біріншіден, әкеден қалған мұра, ата-анамның бастап берген жолы. Бала кезімнен осы маралдың сорпасына түсіп, қанын ішіп өстік. Кішкентай кезімізде ауыра қалсақ анамыз бір-екі қасық маралдың қанын ішкізіп жіберетін. Әп-сәтте дертімізден құлан-таза айығып шыға келетінбіз. Екіншіден, өз ісіңді жаныңдай жақсы көріп, сонымен ғана өмір сүру. Үшіншіден менің ұжымым, әріптестерім. Ұжымым өте мықты. Қиындықты да, жақсылықты да 11 жыл бойы бірге жеңіп келеміз. Әрбір жұмысшым өз ісінің маманы. Осындай ұжыммен алынбайтын қамал, аспайтын асу жоқ. Бастапқы жылдары әкемнің кенже інісі Болатбек ағамыз қолұшын созған еді, енді ер жетіп қалған әкемнің үлкен немересі, атасының тәрбиесін көрген Сұлтанымыз да жұмысқа кірісе бастады. Осылайша ұжым болып, отбасы болып ортақ мақсатқа жылжып келеміз», - деп сөзін тәмамдады Дариға Исабаева.