Антикордың Ақпараттық-ағарту штабының жұмысы қорытындыланды

27 Қаңтар 2021, 17:29
1691
Бөлісу:
Антикордың Ақпараттық-ағарту штабының жұмысы қорытындыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан азаматтардың сенімі мен адалдық пен парасаттылық қағидаларына бейімділігін артыру мақсатында құрылған Ақпараттық-ағарту штабының жылдық жұмысын қорытындылау бойынша кеңес өтті.

Шараға Агенттіктің және аумақтық департаменттердің басшылығы, сондай-ақ жергілікті ақпараттық-ағарту штабтарының жетекшілері мен қоғам өкілдері қатысты.

Республикалық штабтың жетекшісі Ырза Тұрсынзада құрамында Мырзатай Жолдасбеков, Ермек Тұрсынов, Ғосман Төлеғұл сияқты беделді қоғам белсенділері бар штабтардың қызметі жемқорлыққа мүлдем төзбеушіліктің іргетасын қалауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Оның дәлелі ретінде өткен жылы жасалған жұмыстардың алғашқы оң нәтижелерін келтіруге болады. 

Оның айтуынша онлайн форматта штабтың 400 мүшесі өткізген 5 мыңға жуық іс-шарамен 1,2 млн азамат қамтылды. Әрбір шара ұлттық мәдениет пен бабалар мұрасы арқылы рухани құндылықтарды тәрбиелеуге мақсатты бағытталған құрал болып табылады.

Ырза Тұрсынзада сөз арасында «Жүзіңде ұят пен адалдық болсын, Ісіңде әркез адамдық болсын» - деген халық даналығын қоса кетті. 

Сонымен қатар, парасаттылық идеясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті жастар арасында халық шығармашылығы арқылы қалыптастыру мақсатында еліміздің әр өңірінен 16 айтыс ақыны қатысқан Antikor-айтыс және Antikor Terme онлайн жобалары ұйымдастырылды.

Жиын барысында Шымкент қаласы, Ақмола, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының штаб жетекшілерінің  баяндамалары тыңдалып, оң тәжірибелері өзге өңірлерге үлгі ретінде мысал етілді.

Өз кезегінде Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаев ақпараттық-ағарту штабының басты мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және парасаттылық идеологиясын ілгерілету екенін назарға алды. 

Шпекбаевтың пікірінше, әрбір өңір, тіпті ауылдық аймаққа дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты түбегейлі сіңіруі маңызды. Ол үшін аудандық деңгейде ақпараттық-ағарту штабтарының жұмысын ұйымдастыру қажет.

Кездесу соңында ағарту жұмысына халық арасында абыройға ие белсенді азаматтарды, оның ішінде жастарды және әдеп жөніндегі уәкілдерді кеңінен тарту қажеттігі айтылды.

Өзгелердің жаңалығы