Antikor жемқорлықты идеология арқылы азайтуға ниетті

30 Сәуір 2021, 12:47
1542
Бөлісу:
Antikor жемқорлықты идеология арқылы азайтуға ниетті

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева «Парасат жолы» орталықтарының жұмысы туралы баяндады.

Мемлекет басшысы былтыр парасаттылық идеологиясын ілгерілетудің маңыздылығын атап өткен еді. Осыған байланысты агенттіктің бастамасымен елордада Ұлттық академиялық кітапхана базасында ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерімен «Жұмадағы жүздесу» атты тікелей эфирлер ұйымдастыруды қолға алды. Халық арасында кеңінен таралған мұндай кездесулер сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық бастамалардың өзіндік «фабрикасы», жастардың ғалымдармен, ақын-жазушылармен, қоғам қайраткерлерімен кездесу орнына айналды, -дейді Жазира Жылқышиева.

Ол осы жұмыстарды жүйелеу мақсатында және де жаңа серпін беру үшін, агенттіктің «Адалдық алаңы» жобасы аясында елордада Ұлттық академиялық кітапханада «Парасат жолы» орталығы ашылғанын атап өтті. 
 


«Парасат жолы» - адалдық, парасаттылық, әділеттілік қағидаттарын қалыптастыруға, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын қоғамда ілгерілетуге бағытталған жоба. Парасаттылық идеологияны насихатау мен ілгерілетудің маңыздылығын ескере отырып, бүкіл республика бойынша кітапханалар базасында «Парасат жолы» орталықтарын ашып, елорданың тәжірибесін барлық өңірге тарату туралы биылғы 3 ақпанда шешім қабылданды. «Адамды адам еткен − кітап, адамзат еткен − кітапхана» - деп Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы атап өткендей, «Парасат жолы» орталықтарының руханият шаңырағы, ізгіліктің, әділдіктің, парасаттылықтың ордасы - кітапханада ашылуы - ол заңдылық, - дейді агенттік басшысының кеңесшісі.  
 

Бүгінгі күні республика бойынша барлығы 4077 орталық ашылған. Оның 3878-і – кітапханалар базасында, 199-ы - оқу орындарында. Орталықтар ашылғалы бері 8 мыңға жуық іс-шара өткізіліпті. 

«Парасат жолы» орталықтарының әдістемелік жұмысын Ұлттық академиялық кітапхана үйлестіріп отыр. Республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгелмен бірге наурыз-сәуір айларында Шығыс Қазақстан, Павлодар, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында болып, өңірлердегі орталықтардың жұмыстарымен танысып, зиялы қауым өкілдерімен, тұрғындармен кездесулер өткіздік, -дейді Жазира Жылқышиева. 

 

Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысында Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Парасат жолы» орталығында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева апамыз бастаған бір топ зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткіздік. Жаңақала аудандық кітапхана мен Ақжайық ауданы Жұбан Молдағалиев атындағы өнер үйінде тұрғындармен келелі кездесулер өтті.


Маңғыстау облысында Қабиболла Сыдиықов атындағы облыстық кітапханада ашылған «Парасат жолы» орталығында ұжыммен, Әбіш Кекілбаев атындағы облыстық тарихи – өлкетану мұражайында зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлерімен кездесуде жастардың бойында парасаттылық қағидаттарын қалыптастырудағы рухани құндылықтардың, ұлттық құндылқтардың рөлі талқыланды. 

Ежелі Тараз өңірінде де зиялық қауыммен кездесу барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жайында пікір алыстық. Осы өңірдегі ақын апамыз Ғайни Әлімбекқызы қоғамда парасаттылықтың деңгейін көрсету ең алдымен рухани мекен – кітапханалардан бастау алатынын жеткізді. 

Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Парасат жолы» жобасы аясында белгілі жазушы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Берік Шаханұлының туғанына 80 жыл толуына орай «Ерттеп міндім асыл сөздің дүлдүл атын...» атты ойтолғам кеші өтті.

 


 

Өзгелердің жаңалығы