Антикор қызметкерімін деп алдаған: алаяқ қазақстандықтарды миллиондаған теңгеге алдап соқты

Күдікті өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілі ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кіріп, ірі көлемде ақша жымқырған.

 pixabay.com Бүгiн 2026, 15:46
Бүгiн 2026, 15:46
127
Фото: pixabay.com

Өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері ретінде таныстырған Ақтөбе тұрғыны алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Ол азаматтарға тәркіленген пәтерлер мен автокөліктерді арзан бағамен алып беруге, сондай-ақ «Даму» қоры арқылы қайтарымсыз несие рәсімдеуге көмектесетінін айтып сендірген. Соның салдарынан бірнеше адам миллиондаған теңгесінен айырылған.

Сот материалдарына сәйкес, 46 жастағы ер адам жәбірленушілердің біріне өзін Антикор қызметкері ретінде таныстырып, тәркіленген мүліктердің базасына қолжетімділігі бар екенін айтқан. Кейін әйелге төмен бағамен пәтер сатып алып беруге уәде етіп, одан соң «Даму» қоры арқылы 15 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз несие рәсімдеп беремін деп сендірген.

Оның сөзіне сенген әйел алдымен пәтер үшін 2 миллион теңге берген. Кейін несиені рәсімдеу шығындары деген сылтаумен бірнеше рет тағы ақша тапсырған. Қажетті қаражатты жинау үшін ол тіпті банктен 2,7 миллион теңге несие рәсімдеген. Тек кейін ғана ер адамның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке де, «Даму» қорына да ешқандай қатысы жоқ екенін білген.

Осыған ұқсас тәсілмен алаяқ Ақтөбенің тағы үш тұрғынын алдаған. Олар да тұрғын үйді жеңілдетілген бағамен сатып аламыз деп сеніп, ақшаларынан айырылған соң полицияға жүгінген.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, қылмыстың барлық мән-жайын есіне түсіре алмайтынын айтқан. Үкім шыққанға дейін ол жәбірленушілерге келтірілген шығынды толық өтеп, олармен медиациялық келісім жасаған.

Сот ер адамды алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Осы мерзім ішінде ол пробациялық бақылау талаптарын сақтауға, белгіленген уақытта үйінде болуға және ойын-сауық орындарына бармауға міндетті. Егер бұл талаптарды бұзса, жаза нақты бас бостандығынан айырумен алмастырылуы мүмкін.

Наверх