Антарктиданы жүзіп өткен тұңғыш қазақ қызы кім?

Бүгiн, 10:33
519
Бөлісу:
Антарктиданы жүзіп өткен тұңғыш қазақ қызы кім?
PHOTO
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

2024 жылдың 12 қарашасында дүниежүзінен жиналған ең мықты 13 жүзуші Антарктиданың мұздай суынан жүзіп өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Олардың ішінде қазақ қызы Әнел Сытдықова да бар. Ол 750 метр қашықтықты 18.58.95 минутта бағындырды. Судың температурасы -1.4 градусты көрсеткен. Олар Антарктидаға 10 қарашада Дрейк бұғазын екі күн жүзгеннен кейін жеткен.

Біздің топты Халықаралық мұзды суда жүзу қауымдастығының (IISA) ұйымдастырушысы және негізін қалаушы Рам Баркай басқарды. Топ құрамында Оңтүстік Африка, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Венгрия, Малайзия, Австралия және Қазақстаннан келген 13 жүзуші мен бір дәрігер болды. Арамызда әлемдегі Ice Seven титулына ие үш адамның бірі Кейт Стилс және Oceans Seven титулының иегері Линтон Мортенсен секілді танымал және мықты жүзушілер бар, - дейді Әнел Сытдықова.

Оның айтуынша, Антарктидада өткізген 10 күннің әр күні жүзу үшін қолайлы болмаған.

Антарктиданы жүзіп өткен тұңғыш қазақ қызы кім?
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Біз кеме мен ондағы 150 жолаушының кестесіне бейімделуге тиіс едік. Дегенмен, бәріміз өз мүмкіндігімізше жүздік. Мен үшін бұл өмірімдегі ең суық жүзу болды. Су температурасы -1.4°C, желдің жылдамдығы 35 км/сағ, ал айналамызда айсбергтер мен пингвиндер. Бұл ерекше тәжірибе мен сезім сыйлады. Антарктида өзінің мұздай құшағын ашқан санаулы адамдардың қатарында болғанымды үлкен мәртебе санаймын, - деді ол.

Әнел Сытдықова – Қазақстанның триатлондағы алғашқы "Темір ханымы", еліміздің алғашқы Ironman (Айронмен) және Ultraman (Ультрамен) атанған әйел. 2019 жылы Әнел Ла-Маншты жүзіп өткен алғашқы және әзірге жалғыз қазақстандық әйел болды. Ол Англиядан Францияға дейінгі 38 шақырым қашықтықты 15 сағат 15 минут ішінде (тоқтаусыз және гидрокостюмсіз) жүзіп өтті.

Антарктиданы жүзіп өткен тұңғыш қазақ қызы кім?
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

2022 жылы Әнел Манхэттеннің айналасындағы 20 көпір арқылы 48 шақырымды жүзіп өтеді. Сол жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында Санта-Каталина аралдарынан құрлыққа дейінгі Каталина бұғазын (Catalina Channel Swimming) 34 шақырымға 18 сағат 19 минутта бағындырды. Бұл әлемдегі ең беделді марафондық жүзу қашықтықтарының бірі. 

Каталина бұғазынан өту марафондық жүзудің ең беделді сынақтарының бірі. Ол Ла-Манш бұғазы (34 км) мен Манхэттеннің айналасындағы 20 көпір (48 км) қашықтығымен бірге ашық суда жүзудің "Үш Тәжіне" (Triple Crown of Open Water) кіреді. Каталина бұғазын бағындырғаннан кейін Әнел Triple Crown of Open Water клубының мүшесі атанады.

Бұл жетістікке ТМД елдерінде әлі ешкім жеткен жоқ.

Антарктиданы жүзіп өткен тұңғыш қазақ қызы кім?
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты
Өзгелердің жаңалығы