«Аңсаған сәби»: облысқа 281 квота бөлінді

27 Қыркүйек 2022, 12:46
1078
Бөлісу:
«Аңсаған сәби»: облысқа 281 квота бөлінді
Фото: автордан

Павлодар облысында биыл тегін экстракорпоральді ұрықтандыру бойынша 281 квота бөлінген, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Айдар Ситқазиновтың хабарлауынша, қазіргі уақытта жасанды ұрықтандыру үрдісінен өткен отбасылармен тиісті шаралар жүргізілуде.

Қазіргі уақытта процедуралардан өткен 82 отбасында оң нәтиже бар. Тағы 80 жанұя бойынша нәтиже күтіліп жатыр,  дейді басқарма басшысы.

Облыстық аурухана жанындағы репродуктивті орталықтың есебінде «бедеулік» диагнозы қойылған 1,5 мың отбасы есепте тұр. Қазіргі уақытта «Аңсаған сәби» бойынша бөлінетін квоталар саны арта түсті. Нәтижесінде былтыр 100-ге жуық отбасы ата-ана атануға дайындалды. 

Мемлекеттік бағдарлама бойынша алғашқы сәби өткен жылдың соңында дүниеге келді. Былтыр 300-ге жуық квотаның 100-ден астамы оң нәтиже берген. 

Мамандардың айтуынша, бала сүйе алмаған ерлі-зайыптыларға облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы «Ана мен бала» денсаулығын қорғау бөлімі көмектеседі. Сонымен қатар, қалалық емханалардың жанында отбасын жоспарлау орталықтары жұмыс істейді. 

Облыста бедеулікпен күресуден бөлек жүкті әйелдердің денсаулығына басымдық берілген. Әсіресе, жүктіліктің ерте кезеңінде есепте тұру бойынша тиісті шаралар қолға алынған. Мәселен, жыл басынан бері дәрігерлердің бақылауында жеті мыңнан астам әйел тұр. Болашақ аналардың көбі ерте кезеңде дәрігерге келеді.

Өзгелердің жаңалығы