«Аңсаған сәби»: Ақмола облысына 283 квота бөлінді

11 Наурыз 2021, 14:46
1974
Бөлісу:
«Аңсаған сәби»: Ақмола облысына 283 квота бөлінді

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Ақмола облысында «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 283 квота бөлінді.

2021 жылдан бастап елімізде жүзеге асырыла бастаған «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша өңірде квоталардың бір бөлігі игерілді.

Биыл Ақмола облысына бөлінген квота саны – 283. Салыстырар болсақ, 2019 жылы 37, өткен жылы 45 квота ғана бөлінген.

Елімізде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде ЭКҰ жүргізуге квоталар 2010 жылдан бөліне бастады. Бірақ олардың саны шектеулі болды. Ал кез келген баласыз жұп ақылы қызметке қол жеткізе алмайтыны белгілі.

Өңірде ЭКҰ-квоталарын бөлу мәселесін Көкшетау қалалық емханасы бас дәрігерінің акушерия және гинекология жөніндегі орынбасары Жұлдыз Әлпілім үйлестіріп келеді.

2019 жылы квота бөлінген 37 әйелдің 27-і сәбилі болды. Бұл өте жақсы нәтиже. Өткен жылы 45 квота бөлінді. Пандемияның басталуына байланысты ұрықтандыру процедуралары тек маусым-шілде айларында жүргізіле бастады. ЭКҰ-орталықтардағы репродуктолог-дәрігерлермен байланыс үзіліп, олар бізге келе алмады, − дейді Жұлдыз Әлпілім.

Оның айтуынша, бірінші әрекет сәтсіз болған жұптарға квота тек келесі жылы ғана беріледі. ЭКҰ процедурасын жылына бір рет жүргізуге болады. Биыл Ақмола облысында 283 квотаның 47-сі бөлінді.

Квота бөлу бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Алдымен өткен жылдан ЭКҰ-ға дайын 12 әйел іріктелді, кейін тағы 20 адам жіберілді. Ақпан айының соңында портал ашылған сәттен бастап 47 әйел ЭКҰ-орталықтарға барды. Қазірдің өзінде алғашқы оң нәтиже бар. Болашақ ана 33 жаста, он жыл бедеулікпен есепте тұрған. Бұған дейін жасалған ақылы ЭКҰ сәтсіз аяқталған. Ол мойымады, үміт үзбеді, барлығы жақсы боларына сенді. Мұндай жағдайда позитивті көзқарас та өте маңызды, – деп нақтылады дәрігер.

Облыста бедеулік бойынша 730 жұп есепте тұр. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш жыл санап артып келеді.

Есепте тұрған 730 жұптың 370-і ЭКҰ-ны қажет етеді. Бедеулік мәселесінде ЭКҰ тұйықтан шығарар жалғыз жол. Шын мәнінде әйелдерде гормоналды өзгерістер болуы мүмкін. Емделген ерлі-зайыптылар өздігінен жүкті бола алады. ЕКҰ әдісінің нәтижелі болуы ерлі-зайыптылардың шыдамдылығына байланысты. Процедура оңай емес, гормоналды препараттардың үлкен дозалары енгізіледі. ЭКҰ сыртқы кедергілер болмаса бір айдан екі айға дейін жүргізіледі, – деп түсіндірді акушер-гинеколог.

ЭКҰ жүргізетін клиниканы әр жұп өздері таңдай алады. Жалпы, Қазақстанда бүгінгі күні 26 экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы жұмыс істейді, оның 21-і жекеменшік. Елордада МӘМС аясында ана мен бала ұлттық орталығы, «Астана Эколайф», «Мединновация-Астана» және «Экомед плюс» клиникалары квота бойынша қызмет көрсетеді.

«Квоталар тек ресми емес, азаматтық некеде тұратын жұптарға да бөлінеді. Дегенмен бірінші кезекте баласыз жұптар қатыстырылады. Процедураның қарсы көрсетілімдері де бар. Мысалы жатыр қуысының патологиясы, экстрагенитальды аурулар, артериялық гипертензияның ауыр түрі, инсульт, инфаркт, онкологиялық аурулар, қант диабеті бала көтеру мүмкіндігін жоққа шығарады. Туберкулездің белсенді түрлері, психикалық аурулар жүктілік кезінде қарсы көрсетілімдер болып саналады», - деп нақтылады дәрігер.

Бүгінгі күні Ақмола облысында ЭКҰ әдісінің көмегімен нақты қанша жұп сәби сүю мүмкіндігіне ие болғанын айту қиын. Бірқатар жұп квотамен сәттілікке қол жеткізсе, көпшілігі ақылы қызметке, туыстарының көмегіне жүгінген. Несие ресімдегендер, қажетті соманы жинау үшін шетелге ақша табуға барған ерлі-зайыптылар да бар.

Өзгелердің жаңалығы