Қазақстандық теннисші Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге Уимблдон-2026 турнирінің жұптық сынында үшінші айналымға шықты. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
Екінші айналымда қазақстандық-сербиялық жұп Украина өкілдері Ангелина Калинина мен Даяна Ястремскаяға қарсы ойнады. 1 сағат 47 минутқа созылған кездесуде Данилина мен Крунич 2:6, 6:4, 6:0 есебімен жеңіске жетті.
Матч барысында жеңімпаздар бір эйс жасап, алты рет қос қателікке жол берді. Сондай-ақ олар 13 брейк-пойнттың алтауын сәтті пайдаланды.
Енді ширек финалға шығу үшін Анна Данилина мен Александра Крунич эстониялық Ингрид Нейл мен мексикалық Джулиана Олмос немесе норвегиялық Улрикке Эйкери мен америкалық Куинн Глисон жұбының жеңімпазымен кездеседі.