Анкарада Алаш ардақтылары ұлықталды

27 Сәуір 2022, 23:32
1294
Бөлісу:
Анкарада Алаш ардақтылары ұлықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Анкара қаласында Халықаралық Түркі академиясы Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігінің қолдауымен «Ұлы тұлғалар және Түркі әлемі» атты келелі басқосу өткізді.

Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі хабарлады.

ЮНЕСКО  аясында  өткізіп жатқан Аталған шара  ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл, сонымен қатар, заңғар жазушы М.Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшісі Еркебұлан Сапиев, Түркия парламентінің депутаты Үлкер Гүзәл,  Еуразия жазушылар одағының  төрағасы Якуб Омероглу, Хаджеттепе Университетінің профессоры Осман Хората, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдар, елшілік қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Тағылымды шара аясында қос бірдей тұрғырлы тұлғаның мерейтойына орай Халықаралық Түркі академиясы әзірлеп жарыққа шығарған бірқатар еңбектердің таныстыру рәсімі өтті.

Атап айтқанда, Түркі академиясы дайындаған «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» жинағына Ақаңның замандастары, кейінгі буын өкілдері және қазіргі зерттеушілердің таңдаулы мақалалары топтастырылған. Бұл еңбектің ағылшын және чех тілдеріндегі нұсқалары да Түркі академиясы мен Қазақстан Республикасының Чехиядағы елшілігінің бірлесуімен жарық көргенін айта кету керек.

Сонымен қатар Түркі академиясы кезінде алаш арыстарымен бірге Ахмет Байтұрсынұлы да белсенді қатысып, пайымды пікірлерін ортаға салған “Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі” материалдарын қайта басып шығарып отыр. Бірегей басылымға төте жазумен басылған толық факсимилесі де қоса берілді. Бұл тарихи сиезге қазақ даласынан ғана емес, Түркістаннан, Бұхарадан, Мәскеуден түркі халықтарының кейбір беделді тұлғалары өкіл болып қатысқан.

Түркі академиясы таныстырған келесі еңбек — Мұхтар Әуезовтың әйгілі қырғыз эпосы “Манас” туралы монографиясы  әуезовтанушылар мен Манас эпосын зерттеушілерге көмекші құрал болары сөзсіз. Аталған еңбектің 1936 жылы машинкаға терілген дайын нұсқасының көшірмесі Қырғыз Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институты Қолжазбалар қорында сақталған.  Ғылыми қосымша ретінде осы үлгінің толық факсимилесі де жарияланды. Сонымен қатар жинаққа 1952 жылы 8 маусымда Фрунзе қаласында өткен «Манас» жырын зерттеуге арналған конференцияда М.Әуезовтің жасаған «Создать народный вариант «Манаса» деген әйгілі баяндамасы да енгізілді.

Басқосу аясында түркі әлемінің тарихи-мәдени байланыстарын дамытуға қосқан зор үлесі үшін Хаджеттепе Университетінің профессоры Осман Хората Түркі Академияcының Алтын медалімен, Еуразия жазушылар одағының  төрағасы Якуб Омероглу Академия тағайындаған «Әлішер Науаи» Алтын медалімен медалімен марапталды.

Өзгелердің жаңалығы