Анкара парадокстары. Түркі Одағы: киім көп, тамақ жоқ

31 Қазан 2022, 17:55
2596
Бөлісу:
Анкара парадокстары. Түркі Одағы: киім көп, тамақ жоқ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған өзара KPI бекіткен болатын, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан-Түркия арасындағы тауар айналымы қазіргі жылына 5 миллиард доллардан 10 миллиард долларға дейін өсуі тиіс. 

Егер осы екі есеге межеленген өсім, Қазақстан экспорты есебінен артса, онда отандық экономикаға сырттан қауіп болмайды. Ал егер Анкарадан импортты кәдімгідей көбейтетін болсақ, Түркі Одағының біз бұған дейін күтпеген кем дегенде бір шыжығы алдымыздан шығайын деп тұр.

Ол не шыжық?

Анкара парадокстары. Түркі Одағы: киім көп, тамақ жоқ
delfi.lt

Әңгіме инфляцияда. Түрікстат дерегі бойынша, өткен қыркүйек айында Түркиядағы ресми инфляция 83% көрсеткен. Бұл – біздің нарық жағдайында апатты көрсеткіш болар еді. Сол қыркүйектің қортындысы бойынша Қазақстандағы жылдық инфляция 17,7 пайыз болды. Импорты басым болғандықтан біздегі бағаға әсер ететін тағы бір мемлекет – Ресейде қыркүйектегі жылдық инфляция 13,5% межесінде тұрақтады.

Бір сөзбен айтқанда, бұған дейін бізге инфляция Ресей арқылы келіп жүрсе, енді оған Түркия қосылуы мүмкін. Әрине, ол үшін импорт кем дегенде 5 миллиард доллардан кем болмауы және лираның біздің халық қолданатын валюта корзинасына қосылғаны керек. Жақын жылдары олай бола қояды деп болжауға келмейді. Бұл тұрғысында, болашақ Түркі одағының негізгі валютасы теңге бола ма, әлде лира бола ма – ол да белгісіз. 

ІЖӨ жағынан біз Түркиядан басымбыз. Жай статистиканы алып қарасақ, Қазақстан Түркі Одағының ең ірі экономикасы болып табылады. Бірақ, оның барлығы мұнайдың есебінен болып отыр. Ал экономиканың күрделілігі, яғни ішкі өндірістің дамуы, жаңа технологиялық өндіріс бойынша Түркия барлық жағынан алда келеді. 

Бұған дейін Ресей өз азық-түлік импорты арқылы бізге инфляциясын да импорттап келген еді. Жалпы, біз жыл сайын 4 миллиард долларға сырттан тамақ сатып аламыз. Оның жартысына жетерлігі Ресейден келеді. Негізгі позициялар – қант, шұжық (колбаса, сосиска), кондитерлік өнімдер (кәмпит, печенье), ірімшік, сүт өнімдері, құс еті. Одан бөлек сұйық күнбағыс майы, ұн мен макарон өнімдерін де көптеп алдырамыз. Ресейде тамақ қымбаттаған сайын, сол инфляция бізге әсер ететін.

Қазақстан азық-түлік импортын әртараптандыруға, яғни Ресейге ғана байланып отыра бермей, түрлі мемлекеттерден алдыруға тырысып отыр. Мысалы, Ресей өзінен қантты шығармай қойғанда, біз оны Үндістаннан көбірек алдыра бастаған болатынбыз. Яғни, қантқа деген Ресейге тәуелділікті жоя алдық. 

Осы орайда, Ресейді Түркиямен толық алмастыра аламыз ба? Тіпті, толық алмастырмасақ та, негізгі азық-түлік бағыттары бойынша әртараптандыруға мүмкіндік бар ма?

Киім мен кілем жетеді. Тамақ жоқ

Анкара парадокстары. Түркі Одағы: киім көп, тамақ жоқ
NUR.KZ

Жоғарыдағы сұраққа жауап беру үшін Қазақстан-Түркия тауар айналымының құрылымы мен Ресей-Түркия тауар айналымын тереңірек зерттеуге тура келеді.

Ұлттық статистика бюросы дерегіне сай, биылдың алғашқы жеті айында Түркиядан Қазақстанға келетін импорт көлемі 744 миллион долларды құрады. Оның ішінде, 45 миллион долларға дәрі-дәрмек, 26 миллион долларға кілем, ал 78 миллион долларға трикотаж, шұлық, мәйкілер, текстиль, әйел мен ерлер киімдері келген. Негізгі импорттың ішінде бір де бір тамақ жоқ. Түркиядан бізге азғантай мөлшерде кондитерлік өнімдер (шоколад, кәмпит, печенье) мандарин, жүзім, және мұздатылған балық келеді. Альбени мен мандарин бізге тамақ болмайтыны түсінікті. 

Ал Ресей мен Түркия қандай тауарлар алмасады? 2021 жылы Ресей мен Түркия арасындағы тауар айналымы 33 миллиард долларды құрады. Ал биыл осы межені екі ел кем дегенде 50 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отыр.

Сол 33 миллиард доллардың ішінде 26,5 миллиард доллары - Ресейдің Түркияға экспорты. Не экспорт екені түсінікті – ол негізінен, газ/мұнай және басқа та энергетикалық сектор. Бірақ, Түркия да Ресейден біз сияқты тамақ алып отыр. Оның ішінде астық, ұн, сұйық күнбағыс майы, чечевица, күріш, бұршақ сынды бағыттар басым. Ал Ресей Түркиядан тамақ жағынан кептірілген жемістер (сухофрукт), шабдалы мен мандарин алып отыр. 

Бұдан біз тамақ жағынан өкінішке орай Түркияның Ресейді толығымен алмастыра алмайтынын байқаймыз. Яғни, бізге керек ет, сүт, үн, дәнді дақылдар өнімдерін Түркия сыртқа экспорттамайды. Түркия өз ауыл шаруашылығы экспортында негізінен жеміс-жидекке маманданып отыр.

Одақ тамақ бермейді. Азық-түлік қауіпсіздігі тек өзіміздің қолымызда

Анкара парадокстары. Түркі Одағы: киім көп, тамақ жоқ
inbusiness.kz

Біздің азық-түлік импортына қатты байлануымыз басымызға таяқ болып тиетін болады. Ресей алда-жалда НАТОмен ірі соғысқа кірісетін болса, азық-түлік импортын толық жауып, өзінің азық-түлік қауіпсіздігін күшейте бастайтыны жасырын емес. Ондай кезде Қазақстанның мұң-мұқтажына ешкім қарамайды. Түркияда бізге керек тағам жоқ.      

Бір ғана жол бар. Барлық импортталатын тағамдарды өзімізде шығару. Оған Қазақстанның территориялық, климаттық мүмкіндіктері жоқ емес. Тех күрделі  технология трансферті мен ірі инвестициялар қажет болады. Ол үшін Үкіметке жақын жүретін импортерлер лоббиін әлсіретіп, өндірушілер мен фермерлерге көбірек құлақ асқан жөн. Себебі, уақыт аз қалды.

Өзгелердің жаңалығы