Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Анкарада Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай салтанатты іс-шара өтті.
Аталмыш шара Анкара Хаджы Байрам Уәли университетінің қолдауымен әрі Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасының және Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі Көркем өнер тобының қатысуымен жүзеге асырылды.
Алқалы жиынға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Анкара Хаджы Байрам Уәли университетінің ректоры проф. Юсуф Текин, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Коджаман, Түрксой Бас хатшысының орынбасары доц. Билал Чакыджы, Джандармерия бейбітшілік қорының бас директоры бұрынғы генерал-майор Али Өзкара, Гөлбашы муниципалитеті басшысының орынбасары Оғуз Каған Танрыверди, Еуразия Жазушылар одағының басшысы доц. Якуп Өмероғлу және Қазақстаннан келген турколог, фольклортанушы профессор Шәкір Ибраев Қазақстан Ұлттық академиясының кітапханасы директорының орынбасары Нұржан Жолдыбалинов, сондай-ақ ғалымдар мен зиялы қауым, Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты. Сондай-ақ Түркиядағы саяси партия басшыларының атынан құттықтау телеграммалары келіп түсті.
Атаулы шара басталмас бұрын қадірлі қонақтарды қазақстандық студенттер "қара жорға" биімен қарсы алды.
Салтанатты шара екі елдің әнұрандарымен бастау алып, Ұлы Абайдың сирек фотосуреттері мен суреттерін қамтитын көрме және ақын туралы деректі фильмді тамашалаумен жалғасын тапты. Сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінде жалғасып келе жатқан Абай шығармаларын оқу эстафетасы туралы қысқа бейнематериал да көрсетілді.
Іс-шара университеттің Еуразия және Түркі әлемін зерттеу орталығының меңгерушісі проф. Наджие Йылдыздың алғы сөзімен ашылды. Өз сөзінде, проф. Н.Йылдыз Абай шығармаларының қазіргі таңда да маңыздылығын атап өтті.
Профессор ұлы ойшылдың ұлтты жаңа өмірге бейімделуге, жаңаруға шақырғандығы туралы сөз қозғап, Абайдың өмір бойы әр түрлі салаларда із қалдырғандығына тоқталды. Ғалым, Елбасы Н.Назарбаевтың: "Заман өзгерсе де, әлем өзгерсе де – біздің халқымыздың Абайға деген сезімі өзгермейді, керісінше, уақыт өткен сайын оның ұлылығының күшті жақтары мен жаңа құпияларын ашады. Абай өз халқымен бірге мәңгі өмір сүреді және ғасырлар бойы қазақ халқын биік шыңдарға шақырады" деген сөздерін мысалға келтірді.
Әдебиет факультетінің деканы, проф. Суна Тимур Ағылдере екі бауырлас елдің экономика, әлеуметтік-мәдени және академиялық салалардағы ынтымақтастығының қарқынды дамуда екендігін айта отырып, мұндай іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып, барлық қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Анкара Хаджы Байрам Уәли университетінің ректоры проф. Юсуф Текин Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-ағартушылық ынтымақтастықтың артуын тілге тиек етіп, университет тарапынан әрдайым осындай іс-шараларды қолдайтындығын баса айтты.
Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы алғысөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздерін арқау ете отырып, Абайдың қазақ халқының руханияты үшін тарихи тұлғалығы төңірегінде сөз өрбітті.
"Оның шығармаларында ұлттық болмысымыз, өміріміз, дүниетанымымыз, мінезіміз, тіліміз, дініміз және рухымыз көрініс тапқан", деп сөзін жалғастырған елші А.Сапарбекұлы ҚР президенті Тоқаевтың интеллектуалдық ұлт болу Абайдан басталады деген ой-пікірлері мемлекетіміздің басты мұрат-мақсаты болып отырғанын жеткізді. Елші А.Сапарбекұлы ағымдағы жыл бойы Түркияның басқа да университеттерінің қолдауымен Абай жылына орай іс-шаралар жалғасын табатынына үміт артты.
Салтанатты жиын студенттер арасында ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты білімпаздар сайысымен жалғасын тапты. Сайысқа қатысушылар Абай тақырыбы бойынша танымдық деңгейін көрсетіп, жүлдегерлер сыйлықтармен марапатталды. Айта кетелік, жарыста бірінші болып, озып шыққан университеттің 4-ші курс студенті Элиф Атлыға Қазақстан саяхаты туры табысталды.
Шара барысында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының орынбасары Нұржан Жолдыбалинов Абайдың әдеби және мәдени мұрасына онлайн қол жеткізуге мүмкіндік беретін электронды кітапхана туралы мағлұмат беріп, жиынның құрметті қонақтары атаулы кітапхананың тұсауын кесті.
Анкара Хаджы Байрам Уәли университеті Әдебиет факультеті Қазіргі түркі диалектілері мен әдебиеттері бөлімінде қазақстандық студенттермен қатар білім алып жатқан түркиялық жастар да Ұлы ақынның "Қыс", "Әсемпаз болма әрнеге", "Жасымда ғылым бар деп ескермедім" атты өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқып берді.
Жиын барысында Түркия Мәдениет және туризм министрлігі Анкара Мемлекеттік Түркі әлемі шығармашылық тобы концерттік бағдарламасын ұсынып, залға жиналған 800-ге жуық көрермен Абайдың халық арасында сүйікті әндерге айналған "Көзімнің қарасы", "Айттым сәлем, Қаламқас", "Желсіз түнде жарық ай" және т.б. әсем әндерін өнерпаздармен бірге шырқады.
Игі шара ғылыми конференцияға ұласып, проф. Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласун модераторлығында белгілі қазақстандық және түркиялық ғалымдар – проф. Шәкір Ыбыраев "Абай өлеңдерінде әлеуметтік парадигмалар", проф. Нажие Ата Йылдыз "Абай шығармаларының әдеби қыры", проф. Фырат Пурташ "Абай философиясының Қазақстанның сыртқы саясатына әсері", доц. Бекир Түмен Сомунжуоғлу "Абай қара сөздеріндегі білім мен ғылым" атты баяндамаларын жасады.