Аниме арқылы ана тілдің аясын кеңейтсек дейміз – Дубляж актері

28 Желтоқсан 2022, 14:44
4503
Бөлісу:
Аниме арқылы ана тілдің аясын кеңейтсек дейміз – Дубляж актері
VIDEO
Фото: BAQ.KZ

Қоғамдық көліктерде жастардың анименің суреті салынған «мангасын» оқып келе жатқанын байқаған шығарсыз? Жалпы, аниме – қазіргі жасөспірімдердің көңілінен шыққан ерекше жанр. Оның қарапайым мульфильмдерден айырмашылығы жас талғамауында жатыр. Мұндай әлемдік құнды дүниенің қазақша дубляждануы қоғам үшін аса қажет екені айтпас да түсінікті. «Dopamine Voice» студиясының директоры Марлен Биназар жапон мәдениеті мен қазақ тілінің жайы туралы айтты, сұхбат берген еді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі. 

 

 - Қазақша дыбыстауды бастауға не түрткі болды? Студия атауы неге «Dopamine Voice» деп қойылғанын айта кетсеңіз?

Біздің құрамға қазақша дубляж жасау идеясы әртүрлі кезеңде келді. Көбінің қызғушылығына әсер еткен – әлеуметтік желілердегі сапалы әрі қызықты дыбыстамалар болды. Мектепте оқып жүрген кезде бұл іс маған арман ғана болатын. Өз басым 2-курсқа дейін қазақтілді контенттерден бас тартып келдім.

 - Неге?

- Қызықсыз деп ойлайтынмын. 

2019 жылдан бері аниме мәдениетіне қызыға бастадым. Пандемия басталып, Алматыдағы оқуымды үйде онлайн жалғастырдым. Өздеріңізге мәлім, сол кезеңде ТикТок желісі пайда болды. Сондай бір күндері бейнероликтерді парақтап отыр едім, Наруто анимесінің үзіндісін көріп қалдым. Оған қойылған төсеніш әуен қазнеттегі әзіл бейнелерден алынған қазақша дауыс еді. Оның авторы – Жұмаділ Әділ болды. Жұмаділ парақшасында анимелерді дубляждауға арналған команда жинап жатқанын айтты. Маған бұл идея қатты ұнады. Олармен бірге жұмыс істеймін деп бел будым. Содан бері бір жыл өтті. 

- Ал студия атауы?..

- «Dopamine Voice» атауын қойған біздің команданың мүшесі – Бекарыс Исмағұлов. Ол осы істі бастаған кезде медициналық колледжде оқитын. Ол атауды мамандығына орай қойды. Яғни, «допамин» - бақыт/шаттық гормоны, ал Voice ағылшын тілінен аударғанда «дауыс» деген сөз. Сонда мағынасы – шаттық үні, яғни адамдарға бақыт дауысын жеткізуші. 

- Анимені қазақша дубляждау арқылы жастарға қандай құндылықтарды дәріптегілеріңіз келеді? Анименің қазақша сөйлеуі несімен ерекше? 

- Аниме де кез келген фильм секілді көпшілікке белгілі бір құндылықты жеткізуді көздейді. Көбі бояуы көп суреттерге қарап балаларға арналған деп ойлауы мүмкін. Алайда, анименің жанрлары көп. Жалпы, жастар анимені не үшін көреді деп ойлайсыз? Өйткені олар өз кейіпкерін тауып, одан өздерін көре алады. Сол арқылы өз бойына жақсы қасиеттер мен тәрбиені сіңіреді десем артық айтпаймын. Біз қазақша дубляж жасау арқылы әлемдегі сапалы туындыларды өз тілімізге бейімдеп, түсінікті етуге тырысамыз. Өз тілімізді болашақ ұрпаққа насихаттап, оның ауқымын кеңейтуге үлес қосып жатырмыз. Өйткені ана тіліміздің болашағы – жастардың қолында екені анық.

Қазақ тілі – аниме тілі. Бұл ана тіліміздің ерекшеліктерінің тек бір қыры ғана. Қазақ тілі – сөз саптауы жағынан және сөйлем құрылымы жағынан жапон тіліне қатты ұқсайды. Біздің көрермендеріміз орысша дубляждан қарағанда қазақ тілінің жапон тіліне өте ұқсас естілетінін талай айтқан. Одан бөлек, тіліміз өте бай. Бірақ оны толық қамтымай, қолданбай жататынымыз өкінішті, әрине. Мәселен, біз кейде синононим сөздерді көбейтіп, көпке таңсық сөздерді қоссақ, бізге «түсінбей қалдық», «оны жай сөзбен айтуға болмай ма» дейтін пікірлер қалдырады. Егер күнделікті сөздермен жаза берсек, сөз байлығымыз қайда қалады? Қазақ тілінің аясы тарыла түспей ме? 

Командада қанша адам бар? Бәрі жастар ма? Монтаж және оны әлеуметтік желіге жарнамалау процестері қанша уақыт алады?

Дәл қазір командада - 16 адам. Олар: дауыс салатындар, аудармашылар, дизайнерлер мен өңдеушілер (монтажер). Жасымыз – 17-26 аралығында. 

Видеоны өңдеу көп уақыт алмайды. Ең қиын процес – дыбыстау мен аударуға кетеді. 

Жалпы, үш түрлі контент жасаймыз. Біріншіден, студия 25 минуттық анимені бір-екі күн ішінде аударады. Одан соң тағы үш күн дубляждау процесі жүреді. Біздің топтың мүшелерінің оқуы мен жұмысы бар дегендей, тек бос уақыттарында ғана істей алады. Одан соң өңдеу үшін де бірнеше күн уақыт кетеді. Сонда біз 25 минуттан тұратын 1 аниме бөлімін шамамен 1 аптада бітіреміз. 

Екіншіден, қысқа үзінділерден бір күнде 4-5 дыбыстама жасаймыз. Кейде одан да көп болады. Бірақ әдетте олардың біреуі ғана желіге салынады. 

Үшіншіден, сырттан тапсырыстар алып, әлеуметтік желіде жарнама жасаймыз.Тапсырыстарды қойылған уақытқа үлгеруге тырысамыз. Себебі жұмыс ақылы болады. 

Сіздерді біреу қаржыландыра ма? Әлде қызғушылық па? Келешекте қандай анимелерді аудару жоспарларыңызда бар?

Тікелей ешкім ақша төлемейді. Еш жерден қаржы алмаймыз. Ұжымға түскен тапсырысты орындаймыз. Одан бөлек салаларда жұмыс істеп күнімізді көріп жүрген жайымыз бар. Негізі қазақша дубляж жасау – біз үшін хобби болып басталды. Әлі де солай. Басты табыс көзіне айналған жоқ. Дыбыстауды тегін жасаймыз. Әлеуметтік желіде бізді демеп, қолдайтындар көп. Енді дыбыстайтын жұмыс жайлы нақты айта алмаймын. Себебі біздің дыбыстау қарқынымыз төмен болса да, өте сапалы дубляж жасауға тырысамыз. Біздің студиядан көрермендер танымал анимелерді күтеді. Сондықтан олардың ойын тыңдап, шешім қабылдаймыз.

Қазақ тілі басқа тілдермен салыстырғанда қатаң аяқталады. Кейбір сөзі ұзын, кейбірі қысқа. Сонда мамандарға жүгінесіздер ме? Жалпы, қалай аударасыздар?

Нақты мамандар мұндай жобада істегісі келмейді. Оның үстіне қазіргі таңда тегін жұмысты кім істесін? Біз әуесқой студиямыз. Мамандарға жүгініп, олардың жауабын күтіп жүргенше қазақ тілін жеттік меңгерген өз аудармашылармызға жүгінгеніміз артық. Олар өз бетімен ізденіп, аударады. 

Аударма дайын болып, бейнеміз шықса болды «қазақ тілінің маманы» атанып кетеміз. Байқауымша, қазақша контент жасауға көбінің дәті бара бермейді. Бұл жерде сөйлемнің дұрыстығы мен оның дубляжға сай келуін қатар ойлау қажет. Яғни «липсинк», «тональность» сияқты жағдайлар ескеріледі.

Тағы айта кетерім, біз ағылшын тілінен қазақшаға тікелей аударамыз. Көрермендер кейбір анимелердің орысша дубляжын көріп алады да сендердікі қате деп жатады. Алайда, ол құлдық сана. Яғни орыс тілінің доминат екенін мойындаумен тең. Сондықтан, біз өз дегенімізден қайтпаймыз. Әрине, орыс тілінеде жүгінетін кездер болады, олар қазақ тіліне тікелей аудармасы жоқ сөздер.

«Титандар шабуылы» аударуға қанша уақыт кетті? Білуімше ана тіліміз драмалық диалогке өте жақын. Солай ма?

«Титандар шабуылы» – ең ауқымды жобамыздың бірі. Алғашқысы, «Сенің есімің» атты аниме-фильм болатын. «Титандар шабуылынын» үшінші бөліміне дейін бәріміз үйден жұмыс істедік. Яғни дауысымызды микрофонға жазып, құрастырдық. Сондықтан ол анименің қазақшасының сапасы қазіргіге қарағанда төмендеу болды. Ол кезде көптеген қиындық болды. Оншақты бөлімін дыбыстау үшін 6-7 ай уақыт кеті. Сол аралықта сайт ашып, әлеуметтік желілерімізді дамыта бастадық. 

Иә, қазақ тілінің фонетикасы драмалық диалогтарға әдемі үйлеседі. Анимедегі эмоциялар өтірік не өте әсерлі етіп көрсетілген. Сондықтан біздің тіліміздің сол ерекшеліктердің орнын толтыруға әбден келеді. 

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы