«Аңға тиіспеймін». Мерген Олимпиадаға қалай дайындалып жатыр

11 Қаңтар 2024, 12:20
3786
Бөлісу:
«Аңға тиіспеймін». Мерген Олимпиадаға қалай дайындалып жатыр
PHOTO
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Париж Олимпиадасына жолдама беретін спорттың бірі стенд ату. Бұл спорттан еліміздің намысын қорғап, көк байрағымызды желбіретіп жүрген спортшыларымыз бар. Солардың бірі Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, әлем кубогінің жеңімпазы Әсем Орынбай. Қазір Париж-2024 Олимпиадасына жолдама беретін жарысқа дайындалып жүрген Әсеммен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әсем, Олимпиада жолдамасын алуға дайындық қалай жүріп жатыр?

Дайындық жұмыстары жақсы. Қазір Қатар астанасы Дохада оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. 12-22 қаңтар аралығында Азия чемпионаты болады. Онда Париж Олимпиадасына берілетін жолдама үлестіріледі. Мақсатымыз сол жолдаманы алу.

«Аңға тиіспеймін». Мерген Олимпиадаға қалай дайындалып жатыр

Стенд ату спортының елімізде даму деңгейі қандай?

Елімізде бұл спорт түрі қарқынды дамып жатыр деп айтар едім. Соңғы жылдары өткен әр жарыста жүлделерге ие болып жүрміз. Әлем чемпионаты, Азия чемпионатында болсын жетістіктер бар. Соның айқын көрінісі былтыр өткен Азия ойындарында 3 алтын медаль жеңіп алдық.

Осы спорт түрімен айналысуға не себеп болды?

Бұл спортқа келуіме әкем себепші болды. Өзі жас кезінен мылтыққа құмар болған. Аң аулауға, балыққа өзімен бірге алып кететін. Аңға шыққан кезде аңдарға тиіспейтінмін. Өзім тұратын Ынтымақ ауылының қасында нысана көздейтін орын болды. Ол әлі де бар. Қазір де сол жерде дайындаламын. Нысана көздеу ұнап қалған соң осы спортты жалғастырдым.

«Аңға тиіспеймін». Мерген Олимпиадаға қалай дайындалып жатыр

Стенд ату спорты бойынша ең үздік деп қай елдің спортшыларын атай аласыз?

Бірінші кезекте АҚШ деп айта аламын. Себебі олардың құрамында 3 дүркін Олимпиада чемпионы, қыздар арасында 5 дүркін Олимпиада жүлдегері бар. Олар әлі де жарысқа қатысып, сынға түседі. Одан кейін Италия құрамасы мен ҚХР деп ойлаймын.

Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы