Қандай мамандықтарға сұраныс артады?

22 Маусым 2020, 12:40
2004
Бөлісу:
Қандай мамандықтарға сұраныс артады?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Саясаттанушы, білім беру саласының сарапшысы, BTS Education компаниясының басшысы Саясат Нұрбек "Желмая" жобасында алдағы 5-6 жылда қандай мамандықтарға сұраныс артатыны жайлы айтты.

Оның айтуынша, қазір ақпараттандыру, цифрлық жүйеге көшу барлық мамандықтарға қатты әсер етіп жатыр. Сондықтан ақпараттық технологиялар, оның ішінде ақпаратпен жұмыс істеу, ақпаратты сақтау, бизнес аналитика, дата инженерлер саласына сұраныс өте жоғары болады.

Серверлерді жоспарлауға және телекоммуникация саласындағы инженерлерге сұраныс жоғарылайды. Қазір Қазақстанда серверлік, телекоммуникациялық құрылымдар жетіспей жатыр. Сонымен қатар, ауылшаруашылық саласында үлкен сұраныс болады. Өйткені ауыл шаруашылығына қазір үлкен инвестициялар тартуда. Дүние жүзіндегі адамдардың саны тез өсіп келе жатыр, 8 млрд-қа жақындап қалды. Пандемияның салдарынан жаһандық байланыс үзілді, енді әр мемлекет өз өңірінде өндірілген заттарды тұтынады. Мысалы, Қатай бұрын көптеген азықты ұзақ жерде орналасқан елдерден алып келсе, енді жақын маңдағы елдерде шығарылатын өнімдерге басымдық береді. Одан бөлек бұл пандемия бізде вирусолог, эпидемиолог және медицина мамандарының өте аз екенін көрсетті. Енді әлем бойынша осындай мамандықтарға басымдық беріледі, - дейді ол. 

Сондай-ақ, ол онлайн оқытудың мазмұнын даярлайтын мамандар, әдістемелік сарапшылар аз екенін, одан бөлек тасымалдау, яғни логистика мамандарына сұраныс артатынын жеткізді. 

Сөз арасында ол қай мемлекеттің білім беру жүйесі тиімді жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Оның айтуынша, Финляндияның білім беру жүйесі соңғы 30 жылда әлем бойынша алдыңғы қатарда, бестіктен түспей келеді. Олар 1980 жылдары өте тиімді, қызықты эгалитарлы модельді таңдаған. 

Оларда білім беру біртұтас, кез келген мектеп бір сапаны ұстап тұрады. Біздегідей элитарлық модель жоқ, яғни лицей, гимназия деп бөлмейді. Совет Одағы сондай модельде жұмыс істеген. Бұл модельдің артықшылығы дарынды баланың ашылуына жағдай жасайды. Жалпы оқушының ашылуына әсер ететін үш нәрсе бар. Біріншісі - мықты ұстаз. Ол баланың дарынын көріп, оның ары қарай дамуына түрткі болады. Екіншісі - жақсы оқулық. Үшінші сол мектептегі әдістеме, яғни бағалау жүйесі. Бізде, өкінішке қарай, сапаның пайызы деген дүние қалыптасты. Яғни ұстаз 60 пайыздан астам жақсы бағамен оқытуы қажет. Бұл сапаны ұстап тұру үшін керек. Бірақ ол үшке оқитын баланы төртке шығарады, осылай бағаны көтерген соң, керісінше, сапа түсіп қалады, - дейді ол.

Бұл тұрғыдан келгенде Финляндияның оқу моделі тиімді екен. Онда кез келген мектепте сапаны бір деңгейде ұстап тұрады. Білім беру сапасы жалпыға бірдей. Оқулықтан бастап мектептердің жабдықталу деңгейі бір сатыда.   

Сонымен қатар, ол коронавирус пандемиясы еліміздің білім жүйесіне қалай әсер еткені жөнінде ойын білдірді.

Пандемия біздің білім жүйесіне кері әсер етті. Соңғы тоқсан балалар онлайн сабақ алды. Оның сапасын өлшеу де қиын. Білім және ғылым министрлігі қолынан келгенше қашықтан оқыту жүйесін ұйымдастырды. Бірақ біздің балаларымыз қаншалықты білім ала білді? Неге десеңіз, экранның арғы жағында оқушы өзі отырды ма, әлде ата-анасы көмектесті ме белгісіз. Өйткені бізде онлайн платформа жоқ. Оны осы жазғы демалыста жасап үлгере ме, ол жағы да белгісіз. Өйткені ондай жұмыстар бірнеше жыл алуы мүмкін. Қазір әлемдегі Google, Microsoft сияқты алпауыт компаниялар соны түсініп, қолға алып жатыр, - дейді Саясат Нұрбек. 
Сондай-ақ, ол егер жаңа оқу жылының бірінші тоқсанын тағы да қашықтан оқытатын болсақ, білім сапасына екі тоқсан зиян келтіруіміз мүмкін деген ойын білдірді. 
Дүние жүзінде бірде-бір мемлекет мұндай жағдайға дайын болған жоқ. АҚШ, Ресей, Еуропа елдері де дайын болмады, тек Қытай ғана 180 млн оқушыны 3-4 ай қашықтан оқытты. Олардың ресурсы мықты, 1,5 айдың ішінде 7,5 мың сервер ашып, оны толықтыра білді, - дейді ол. 
Сондай-ақ, ол бұл мәселені осы жолы шеше алмасақ та алдағы уақытта жүйелендіруіміз керек деген ойын жеткізді. 
Сарапшылар енді әр 2-3 жыл сайын осындай жағдай қайталана береді деген болжам жасап отыр. Өйткені осындай індеттер соңғы 20 жылда әр 4-5 жыл сайын тарап жатыр. Алғаш шошқа тұмауы шықты, кейін құс тұмауы, антипикалық тұмау деген шықты. Бірақ биыл бірінші рет пандемия деңгейіне жетті. Сондықтан біз онлайн оқыту жүйесіне қазірден дайындалуымыз керек, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы