Қандастарға арналған танымдық портал таныстырылды

25 Қыркүйек 2020, 17:41
2586
Бөлісу:
Қандастарға арналған танымдық портал таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Отандастар қоры» мен «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» бірлесе отырып шетелдегі қазақ диаспораларымен онлайн кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында шетелдік және отандық қандастарға арналған танымдық портал таныстырылды.

El.kz ақпараттық-танымдық порталын Қазақстанға жасалған онлайн саяхат деуге болады. Бұл портал бұрыннан бар. Қазақ елін танып, білемін деген шетелдегі қандастар бұл интернет-жоба арқылы мәдениет, таным, тарих, сондай-ақ, білім, еңбек рыногы, көші-қон жөніндегі мәліметтермен таныса алады. Бұл интернет-жоба Қазақстан туралы көбірек ақпарат білуге ұмтылған сырт елдердегі қазақ диаспоралары ғана емес, танымдық-тарихи тың мәліметтер іздеген қазақстандықтар үшін де бірден-бір қызықты ақпарат көзі болып отыр, - деді ҚазАқпарат ХАА Басқарма төрағасы Асқар Умаров. 

Асқар Қуанышұлы атап өткендей, портал шетелдегі және елге оралған қандастар үшін қажетті ақпаратқа қолжетімділікті бір ақпарат көзінен таратылуын қамтамасыз етуді қарастырып отыр. 
Сондай-ақ сырттағы қандастардың тарихи отанымен өзара диалог алаңын қалыптастыру да көзделген. El.kz порталының платформасында жылдың басынан бері ҚХА-мен бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қоғамдық келісім» мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттау арқылы El.kz жобасы Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдерін өз алаңдарында топтастырып, олармен тығыз қарым-қатынас жасап келеді, - деді Асқар Умаров. 
Ал El.kz ақпараттық танымдық порталының бас редакторы Нұргүл Қалиева портал негізінде ашылған «Қандастар» парақшасы туралы «Отандастар қоры» мен «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» бірлесе отырып шетелдегі қазақ диаспораларымен онлайн кездесу барысында айтып берді.
«Қандастар» парақшасы - қандастарға арналған ақпараттық диалог алаңы. Байланыс орнатудың жақсы платформасы болады деп ойлаймыз. El.kz ақпараттық танымдық порталы отандық ақпарат майданында ойып тұрып орын алған, беделді ақпарат құралдарының бірі. Деректер мен дәйекетерге сүйенсек, 2019 жылы парақшаның қаралым саны 3 млн-ға жеткен екен, - деді ол. 
Қалиева атап өткендей, «Қандастар» парақшасы 6 бөлімнен тұрады. 
«Отандастар» қорымен бірлесіп El.kz ақпараттық порталы «Көш» видеожобасын бастады. Бүгінгі күнге дейін көш видеожобасының бірнеше шығарылымы жарыққа шықты. Журналист Сабина Кәкімжан елге оралған қандастарымызбен жалпы шетелге кету және атажұртқа оралу тарихы жөніндеәңгіме өрбітеді, - деді ол. 
Ал ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов айтып өткендей, ақпарат алатын ортақ алаңның қажеттілігі туралы айтты. 
El.kz ақпараттық танымдық порталында  әр өңірдегі қандастардың жағдайы туралы жазылса, біз де қызығып оқыр едік. Мәдениет, еңбек және өзге де сала бойынша қызықты материалдар жарияланса нұр үстіне нұр болар еді. Осы порталды барлығыңызды қолдауға шақырамыз. Сараптамалық зерттеулер мен мақалаларыңыз болса, белсенді болуға шақырамыз. Порталдың жұмысы дами берсін деген тілек білдіремін, - деді ол. 
Айта кетейік, кездесу аясында ашылуы 2020 жылдың соңына дейін жоспарланған 5 мемлекеттегі (Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Германия) «Абай» мәдени-іскерлік үйлерінің басшылары жоспарларымен бөлісті. Олар шетелдегі қазақ диаспорасының қазақ тілін үйрену мен білім жобаларының перспективалары, шетелде тұратын отандастарымызды қолдау бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өзге де мәселелер туралы баяндады.




Өзгелердің жаңалығы