Перизат Қайрат ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысында жәбірленуші Олжас Садық сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олжас Садық – Газа секторындағы гуманитарлық дағдарыс кезінде қайырымдылық жасап, 83 миллион теңгеден астам қаржы жинаған азаматтардың бірі. Алайда бұл қаражаттың қайда жұмсалғаны белгісіз күйде қалып отыр.
Оның айтуынша, ол Газа секторындағы тұрғындарға көмек көрсету үшін 83 миллион теңге жинап, қаржыны жеке өзі айыпталушыға тапсырған.
Перизат Қайратпен бірге Абу-Дабиге де бардым. Мақсатым – қаражаттың нақты қайда жұмсалғанын біліп, ашық есеп алу еді. Алайда, еш ашықтық та, есеп те болған жоқ, – деді жәбірленуші.
Ол сөзінің соңында прокурорлардың ұсынысы мен талап-арызды қолдауға шақырып, айыпталушылардың бірі – Ғайни Алашбаеваға қатысты жеңілдік жасау туралы өтініш білдірді.
Прокурорлардың ұсынысы мен талабын қолдауларыңызды сұраймын. Бірақ Ғайни Алашбаеваға кешіріммен қарауды өтінемін. Ол кісіге жаным ашиды. Қазір денсаулығы да мәз емес. Мүмкін, оны үйқамақта қалдыруға болар?! – деді Олжас Садық.
Еске салсақ дейінгі сот отырыстарында зардап шеккендердің қатарында қайырымдылық қорларының өкілдері, кәсіпкерлер, педагогтер мен жұмыссыз азаматтар бар екені белгілі болды. Тергеу мәліметінше, "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қорына азаматтар өз еркімен 30 мыңнан 200 миллион теңгеге дейін қаражат аударған. Олардың ішінде Kaspi Bank тарапынан аударылған 620 миллион теңге де бар.
Астанада 22 шілдеде өткен сот отырысында прокурор садақадан сән-салтанатқа өткен Перизат Қайраттың әрекетін атап өтті. Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайратқа 10 жыл, анасы Алашбаеваға 8 жыл түрме жазасын сұрады.
Сондай-ақ, айыпталушы Перизат Қайрат Kaspi Bank өкіліне қалай қысым көрсеткені де белгілі болды. Перизат Қайрат ісі бойынша сотта тағы бір тың дерек жария етілді. Ол жалған мекенжаймен қор тіркеп, қайырымдылықты бүркеме еткен.
Бұған дейін Перизат Қайраттың иелігінде қандай мүлік бар екені белгілі болған еді.
Перизат Қайрат Палестинаға ақша жіберу туралы халықты қалай алдағаны мәлім болды.