Digital Bridge 2023 аясында өткен конференцияда Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин аналарға арналған тиімді электронды қызмет туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол цифрлық қызметке қатысты жеке жағдайын айтып, әр ана баласы дүниеге келгенде тап болатын мәселені атады.
Мәселен менің тұңғыш балам өмірге келгенде өзім үш жерде кезекте тұрдым. Жәрдемақы алу үшін, ХҚКО-да және балабақшаға кезек күтуге тура келетін. Сол мәселеде мен болмасам жұбайым өзі қалай істеуші еді? Әрине, бәріне өзі баратын еді, – деді министрі.
Еске сала кетсек, қазіргі таңда азаматтар сәби өмірге келе сала баланың туу туралы куәлігін онлайн түрде рәсімдей алады. Онымен қоса, бала туғанда берілетін жәрдемақы автоматты түрде тағайындалады және сәбиді сол сәттен бастап балабақша кезегіне тіркеледі.
Біздің елімізде бүкіл аналарға онлайн түрде осындай мүмкіндік бердік. Ешқайда шықпай-ақ проактивті қызметті ала алады. Аналар баласына қарасын, біздің қағазбастылықпен айналыспасын, – деді аяқтады сөзін Бағдат Мусин.