ШҚО дәрігерлері ана мен бала денсаулығына басымдылық беруде

30 Наурыз 2019, 13:40
3400
Бөлісу:
ШҚО дәрігерлері ана мен бала денсаулығына басымдылық беруде

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде ана мен бала өмірі еліміздің денсаулық сақтау саласының басты бағыттарының бірі екені белгілі. Бұл басымдылықтан Шығыс Қазақстан медицинасы да кенде емес. Бұл туралы медицина саласы қызметкерлерінің алқалы отырысында облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова хабарлады.

«Өңірімізде бала туу мәселесі басты назарда ұсталады. Өткен жылы облысымызда 21 480 бала дүние есігін ашты. Перинаталды орталықтарға сәбилердің денсаулығын жедел диагностикалап, әрі қарай емдеуге мүмкіндік беретін заманауи құрылғылар сатып алуға 3,5 млрд. теңге бағытталды. Сонымен қатар бүгінгі күні 1, 2, 3 деңгейлі дәрігерлердің бірін-бірі ауыстыру мәселесі ашық күйде қалып отыр. Бұдан бөлек жүкті әйелдердің алғашқы медициналық жәрдем қызметімен, перинаталды скринингпен және денсаулығын түзеу жұмыстарымен қамтылуын жолға қою керек. Әр жүкті әйел күн сайын динамикалық бақылауда болуы қажет. Бұл жерде дәрігерлердің жұмысына жүкті әйелдің тіркеліп босанғанға дейінгі және одан кейінгі уақыт аралығын бақылайтын ақпараттық жүйе көп көмегін тигізбек. Барлығы сәтті болса аталмыш жүйе 2019 жылдың 1-ші мамырынанн бастап пилоттық режимде іске қосылады», - деді Райфа Сафиоллинова.

Сонымен қатар, биылғы жылы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының соңғы кезеңі аяқталады. Сондай-ақ Шығыс өңірі денсаулық сақтау саласының өңірлік кешенді бағдарламасын да аяқтауды көздеп отыр.  

«Өңірлік бағдарламада денсаулық сақтау саласы дамуының басты бағыттары белгіленген. Біздің өңір өзге облыстарға қарағанда заманауи медициналық құрылғылармен жақсы қамтылған, яғни қамтылу деңгейі 85,5 пайызды құрайды. Біздің ендігі мақсат – бар құрылғымен әр пациентке сапалы медициналық қызмет көрсету», - деп қосты ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.

Өзгелердің жаңалығы