Зидан ресми түрде Франция құрамасының бас бапкері болды
Зинедин Зидан бапкерлікке қайта оралды.
Зинедин Зидан футболдан Франция құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Франция футбол федерациясы сейсенбі, 28 шілде күні бұл тағайындау туралы ресми түрде хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Келісімшарт алдағы төрт жылға жасалған. Зидан бұл қызметте 14 жыл бойы команданы басқарған Дидье Дешамның орнын басты. Бұл тағайындау француз құрамасының әлем чемпионатындағы үшінші орын үшін өткен кездесуде Англиядан жеңілісінен кейін он күн өткен соң орын алды.
Бұған дейін Ұлттық құраманы дәл Зидан басқаруы мүмкін екенін танымал инсайдер Фабрицио Романо хабарлаған болатын. Енді бұл тағайындау ресми түрде расталды.
Жаңа бапкер өз міндетіне 1 тамызда кіріседі, ал құрама құрамын қыркүйек айының басында таныстырады.
Осылайша, команда тізгінін 1998 жылғы әлем чемпиондарының бірі екіншісіне тапсырып отыр. 54 жастағы Зидан үшін бұл мадридтік «Реалдан» кеткеннен кейінгі бес жылдық үзілістен соң бапкерлікке қайта оралу болмақ.
Ол бұған дейін де ұлттық құраманы басқарғысы келетінін ашық айтқан еді.
«Мен мұны қалаймын, әрине. Бiр күнi бұл қызметке келемін деп үміттенемін», – деген еді Зидан 2022 жылы L'Equipe басылымына берген сұхбатында.
Алғашқы матчын қыркүйекте өткізеді
Франциялық БАҚ мәліметінше, бапкерлер штабына Зиданның «Канндағы» бұрынғы әріптесі әрі «Реалдағы» ассистенті Давид Беттони кіруі мүмкін. Сонымен қатар 1998 жылғы әлем чемпиондары Фабьен Бартез бен Бернар Диомедтің де кандидатуралары талқылануда.
Франция құрамасы Зиданның басшылығымен алғашқы матчын 25 қыркүйекте Ұлттар лигасы аясында Түркияда өткізеді. Үш күннен кейін команда Бельгияда ойнайды. Жаңа бапкердің өз жанкүйерлері алдындағы дебюті 2 қазанда «Стад де Франс» стадионында өтеді, қарсыласы – Италия құрамасы.
Дешам 14 жылдық жұмысынан кейін кетті
Дидье Дешам ұлттық құраманы 2012 жылдан бері басқарып, оның тарихындағы ең табысты бапкерлердің бірі болды. Оның жетекшілігімен француздар 2018 жылғы әлем чемпионатын жеңіп алды, УЕФА Ұлттар лигасында топ жарды, сондай-ақ әлем және Еуропа чемпионаттарының финалына дейін жетті.
57 жастағы маман үшін соңғы турнир 2026 жылғы әлем чемпионаты болды. Онда команда жартылай финалда Испанияға, ал кейін үшінші орын үшін ойында Англияға есе жіберді.
Зидан бапкер ретінде мадридтік «Реалмен» үш рет қатарынан УЕФА Чемпиондар лигасын жеңіп алып, екі рет Испания чемпионы атанды. Еуропалық грандтар тарапынан қызығушылық болғанына қарамастан, ол 2021 жылдан бері ешқандай клубта жұмыс істемеген еді.
Тағы оқи отырыңыздар: