15 Қыркүйек 2026, 11:52 Фото: https://www.instagram.com/atyrau.rita/

Жүректі елжіреткен сәт: Ақбаян Мұқанғалиева балаларымен кездесті

Атырау облысы Жангелдин ауылындағы қайғылы оқиғадан жалғыз аман қалған Ақбаян Мұқанғалиева психикалық денсаулық орталығынан шыққан соң балаларымен кездесті. 

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода Ақбаян Мұқанғалиеваның жасөспірімдерді бейімдеу орталығында тұрып жатқан балаларымен сағына қауышқан сәті түсірілген.

Туыстарының айтуынша, Ақбаянның жағдайы жақсы, емдеу мен оңалтудан өтіп жатыр. Балаларымен кездесу көңіл күйіне оң әсер еткен. Ақбаянға ата-анасының, ағасы мен әпкесінің қазасы әлі айтылмаған. Жақындары бұл хабар оның психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін деп алаңдайды. 

Қазір Ақбаян немере апасының (әкесінің ағасының қызы) үйінде тұрып жатыр. Жақындарының қарауында. Балаларына барып, олармен кездесіп жүр. Балаларының жанында болуы оның көңіл күйіне де жақсы әсер етіп отырғанға ұқсайды. Алайда Ақбаянның өміріндегі ең ауыр шындықтың бірі әзірге өзіне айтылған жоқ. Ол әкесі мен анасының, ағасы мен апасының қайтыс болғанын білмейді. Бұл – жақындары үшін де аса ауыр мәселе, - деп жазды Рита есімді желі қолданушысы.

Еске салайық, Атырау қаласында елді дүр сілкіндірген қанды қылмысқа қатысты соттың алғашқы отырысы 18 мамырда өтті.

Сотта қанды қылмыс құрбандарының туыстары алғаш рет мәлімдеме жасады.

Сондай-ақ, қаза тапқан отбасының күйеу баласы өз кінәсін толық мойындап, қандай жаза болса да дайын екенін айтқан еді.

Атыраудағы сотта жаңа деректер әшкере болып, тергеу дерегінше мәйіт аулада 8 ай бойы көміліп жатқаны белгілі болды.