19 Тамыз 2026, 15:16 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Жүктілік кезінде екпе алу қауіпті ме? – ДСМ жауап берді

Ауқымды зерттеулер жүктілік кезінде екпе алу баланың аутизмге шалдығу қаупін арттырмайтынын көрсетті.

Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жүктілік кезінде екпе алу ұрықтың дамуына кері әсер етуі мүмкін деген болашақ аналар арасында кең тараған алаңдаушылыққа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ведомство ауқымды халықаралық зерттеулердің нәтижелеріне сүйеніп отыр.

Атап айтқанда, жүкті әйелдер вакцина алғаннан кейін балаларда аутизмнің (аутизм спектрінің бұзылысы — АСБ) пайда болу қаупі зерттелген.

Бес ірі зерттеуде тұмауға, COVID-19-ға, сондай-ақ көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге қарсы вакцинация қарастырылды. Оларға ондаған және жүздеген мың «ана – бала» жұбы қатысты. Алайда осы ірі зерттеулердің ешқайсысында анасы вакцина алғаннан кейін балаларда АСБ немесе ерте нейродамудың бұзылу қаупі артатыны анықталған жоқ, - делінген хабарламада.

Комитет өкілдері зерттеулердегі дәлелдердің жоғары сапасы қатысушылар санының көптігімен, медициналық тіркелімдердің пайдаланылуымен және баланың денсаулығына әсер етуі мүмкін басқа да факторлардың ескерілуімен қамтамасыз етілгенін атап өтті.

Қазіргі ғылыми деректер жүктілік кезінде вакцина алу баланың аутизмге шалдығу қаупін арттырады деген пікірді растамайды, - деп атап өтті Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Еске салайық, бұған дейін отбасылық дәрігер Николай Сафонов «вакцина аутизмге әкеле ме, қызылша неге көбейді» деген сұрақтарға жауап берген еді.

Тағы оқи отырыңыз:  

Ата-аналар назарына: 17 жасқа дейінгі қыздарға АПВ екпесі тегін салынады

Жасанды интеллект көмегімен әлемде алғаш рет жаңа вакцина жасап шығарылды

Санитарлық авиация жүкті әйелді Қарағандыға шұғыл жеткізді