ЖРВИ, тұмау және COVID-19: Қазақстанда қазіргі эпидемиологиялық ахуал қандай?
Қазақстанда ЖРВИ-мен сырқаттанушылық өткен жылдан 1,8 есеге төмен
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда ЖРВИ-мен сырқаттанушылық өткен жылдан 1,8 есеге төмендегенін мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстанда күзгі маусым басталғалы бері ЖРВИ жағдайлары өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен екі есеге аз тіркелді. Тұмау жағдайлары тіркелген жоқ, сондай-ақ елде бұрын белгісіз болған жаңа респираторлық вирустар анықталған жоқ.
Денсаулық сақтау министрлігі қыркүйек айынан бастап ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша сырқаттанушылыққа апта сайын мониторинг жүргізіп келеді.
Қыркүйек айының басынан бері елде 51 937 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 1,8 есеге төмен. Бүгінгі таңда тұмау жағдайлары тіркелген жоқ.
COVID-19 бойынша да төмендеу байқалады. 2026 жылдың басынан бері коронавирус инфекциясының 87 жағдайы тіркелді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3 есеге аз.
COVID-19 басқа да маусымдық респираторлық вирустармен қатар айналымда жүр. Бұл ретте Қазақстанда бұрын белгісіз болған жаңа вирустар анықталған жоқ.
Күз мезгілінде респираторлық инфекциялардың айналымы дәстүрлі түрде күшейеді. Денсаулық сақтау министрлігі елдегі эпидемиологиялық жағдайды апта сайын бақылауды жалғастыруда.
Маусымдық инфекциялардан өзіңізді қалай қорғауға болады?
ЖРВИ, тұмау және басқа да респираторлық инфекциялардың профилактикасы үшін:
* үй-жайларды үнемі желдетіп тұру;
* қолды жиі жуу және жеке гигиена ережелерін сақтау;
* мүмкіндігінше ауру белгілері бар адамдармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болу;
* сырқаттанушылық жоғары кезеңде адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу;
* жөтелгенде және түшкіргенде ауыз бен мұрынды майлықпен немесе шынтақтың бүгілген жерімен жабу;
* дене қызуы көтеріліп, жөтел, тамақ ауруы және басқа да ауру белгілері пайда болған жағдайда үйде қалып, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну ұсынылады.
Қарапайым профилактикалық шараларды сақтау маусымдық респираторлық инфекцияларды жұқтыру және олардың таралу қаупін азайтуға көмектеседі.
Еске салайық, бұған дейін ДСМ сыныптағы оқушылардың қанша пайызы тұмау және ЖРВИ-мен ауырса қашықтан оқытуға көшірілетінін айтты.
Тағы оқи отырыңыз:
Қазақстанда көкжөтел жұқтырғандардың 91%-ы – вакцина алмаған балалар
«Тамақ ауырып, құрғақ жөтел қинайды»: Астаналықтар қандай вирус жұқтырып жүр?