9 Қараша 2026, 15:24 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

«Жоғары табысқа кенелесіз»: Ақтөбеде ерлі-зайыпты 8 млн теңгеден астам ақшасынан айырылды

Әлеуметтік желідегі инвестициялық жарнамаға сенген ерлі-зайыпты бар жиған-тергенін аударған. Алайда ақшаларын алған «менеджер» ізім-ғайым жоғалған.

Ақтөбеде инвестиция арқылы табысын еселеуді көздеген ерлі-зайыпты интернет-алаяқтардың құрбаны болды. Олар әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, әрқайсысы 4 млн теңгеден аударған. Алайда уәде етілген пайда түгілі, салған ақшаларын да қайтара алмаған.

Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, ерлі-зайыпты әлеуметтік желіден белгілі компаниялардың біріне инвестиция салу туралы жарнаманы көрген. Жинаған қаражатын көбейтуді көздеген олар жарнамадағы сілтемеге өтіп, жеке деректерін қалдырған.

Біраз уақыттан кейін оларға өзін инвестициялық компанияның менеджері ретінде таныстырған ер адам хабарласқан. Ол жоғары табыс табуға уәде беріп, жұбайларды ақша салуға көндірген.

Жалған уәдеге сенген ерлі-зайыптылардың әрқайсысы 4 млн теңгеден аударған. Алайда қаражатты алғаннан кейін әлгі «менеджер» байланысқа шығуды тоқтатқан. Сөйтіп, уәде етілген пайдадан да, салған ақшаларынан да қағылған, - деп хабарлады облысты Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Алаяқтарға алданғанын түсінген ерлі-зайыптылар полицияға арызданған. Келтірілген жалпы шығын 8 млн теңгеден асты.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Осыған байланысты полиция қызметкерлері азаматтарды әлеуметтік желілерде жылдам әрі кепілді табысқа уәде беретін инвестициялық жарнамаларға сенбеуге шақырады.

Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке және банк деректерін бөгде адамдарға бермеу, белгісіз шоттарға ақша аудармау қажеттігін ескертеді.

Полицияның айтуынша, оңай олжаға кенелуге уәде беретін ұсыныстардың артында көбіне алаяқтар тұруы мүмкін.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда 191 млрд теңге интернет-казиноға аударылған: Қылмыстық іс сотқа жолданды 

«Ақшаңызды екі еселеп беремін»: Астанада жалған инвестиция ұсынған әйел ұсталды 

Пәтерден 17 млн теңгенің алтынын үптеп кеткен: Тараздағы аса ірі мөлшерде ұрлық жасағандар ұсталды