«ЖИ баланың орнына ойланбауы керек»: Нейрожелілер Қазақстан мектептерін қалай өзгертіп жатыр?
Жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық оқушылар жасанды интеллектіні бастауыш сыныптан меңгеріп жатыр. Балалар нейрожелілердің көмегімен сурет пен мәтін құрастыруды үйренсе, жоғары сынып оқушылары машиналық оқыту негіздерін игеруде. Бірақ үй тапсырмасын ChatGPT-ге сеніп тапсыруға бола ма? Бұл оқушылардың өз бетінше ойлануын тежемей ме? Оқу үдерісінің қалай өзгеріп жатқанын Оқу-ағарту министрлігі мен елордадағы гимназия өкілі BAQ.KZ редакциясына айтып берді.
Мектеп бағдарламасында не өзгерді?
Оқу-ағарту министрлігінің BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабына сәйкес, 2026-2027 оқу жылынан бастап 1-11-сынып оқушылары жасанды интеллект негіздерін оқи бастайды.
Оқыту қарапайым мысалдардан басталып, біртіндеп күрделі технологияларға көшеді.
Екінші сыныптан-ақ балаларға нейрожелілерге мекенжай, телефон нөмірі мен құпиясөз сияқты жеке деректерді беруге болмайтыны түсіндіріліп, цифрлық жүйелердің жауаптарын тексеру үйретіледі.
Үшінші және төртінші сыныптарда оқушылар мәтіндер мен суреттер жасауды меңгеріп, нейрожелілерге сұрауды дұрыс құрастыруды үйренеді.
Орта буында алгоритмдердің жұмыс істеу қағидалары, авторлық құқық, плагиат және жасанды интеллект жасаған ақпаратты тексеру тәсілдері оқытылады. Ал 10-11-сыныптарда машиналық оқыту мен нейрондық желілердің негіздері қарастырылады.
ЖИ сабақта қалай қолданылады?
Астанадағы мектеп-гимназия директорының орынбасары Шахеризада Раштың айтуынша, бастауыш сыныптарда жасанды интеллектіні балалардың өздері қолданғаннан гөрі, әзірге мұғалімдер көмекші құрал ретінде жиірек пайдаланады.
Оның көмегімен педагогтер иллюстрациялар, интерактивті жаттығулар, танымдық әңгімелер мен көрнекі материалдар әзірлейді.
Мысалы, математикада нейрожелілер есептің шартын көрнекі түрде көрсетуге, әдебиеттік оқуда шығарма кейіпкерлерін бейнелеуге, ал жаратылыстануда сыныпта көрсету қиын үдерістерді түсіндіруге көмектеседі.
Біз үшін жасанды интеллект – сыныптағы жаңа мұғалім емес, кәсіби мұғалімнің қолындағы жаңа ресурс, - деп атап өтті Шахеризада Раш.
Оның сөзінше, бастауыш сынып оқушылары интерактивті материалдарды қызығушылықпен қабылдайды. Алайда цифрлық құралдар сабақты тартымды етіп қана қоймай, пәнді түсінуге көмектесуі маңызды.
Сонымен қатар Шахеризада Раш бірінші сыныптан бастап «Киберқауіпсіздік» факультативтік курсы да енгізілетінін айтты. Онда балаларға цифрлық ортада өзін қауіпсіз ұстау үйретіледі.
Үй тапсырмасын ChatGPT көмегімен орындауға бола ма?
Негізгі сұрақтардың бірі - оқушыларға үй тапсырмасын орындау кезінде ChatGPT мен басқа да нейрожелілерді пайдалануға бола ма?
Оқу-ағарту министрлігі мектептерде ЖИ қолданудың бірыңғай стандартының жобасы әзірленгенін хабарлады. Құжат академиялық адалдыққа, бағалау кезінде нейрожелілерді пайдалануға және жеке деректерді қорғауға қойылатын талаптарды белгілеуге тиіс.
Шахеризада Раштың пікірінше, нейрожелілерге толық тыйым салудың қажеті жоқ. Балаларға олардың көмегін қай жағдайда пайдалануға болатынын түсіндіру әлдеқайда маңызды.
Көмек алу мен көшіріп алудың арасындағы шекара баланың өз бетінше ойлануы тоқтап, дайын нәтижені механикалық түрде иемденуі басталған тұста өтеді, - дейді ол.
Ол қарапайым мысал келтірді: егер оқушы есепті өзі шығарып, кейін ересек адамның көмегімен цифрлық құрал арқылы ойлау барысын тексерсе, бұл оқудың пайдалы тәсілі болуы мүмкін.
Директор орынбасарының айтуынша, мұғалім ЖИ-ді қандай мақсатта қолдануға рұқсат етілетінін алдын ала түсіндіруі керек. Мысалы, идея іздеу, иллюстрация жасау немесе жекелеген тұжырымдардың дұрыстығын тексеру үшін пайдалануға болады.
Балалар өз бетінше ойланудан қалмай ма?
Шахеризада Раш нейрожелілерді ерте жастан пайдаланудың басты қауіптерінің бірі дайын жауап алуға дағдылану деп санайды.
Егер бала шешімді өзі іздеудің орнына үнемі жасанды интеллектіге жүгінсе, бұл оның оқуға деген ынтасына және ақпаратты талдау қабілетіне кері әсер етуі мүмкін.
Әсіресе оқу, жазу, логикалық ойлау және зейін қою сияқты негізгі дағдылардың дәл бастауыш мектепте қалыптасатынын ескеру маңызды.
Біз дайын жауапты тұтынатын ұрпақты емес, өз бетінше ойлай алатын және технологиялық мүмкіндіктерді саналы түрде пайдаланатын балаларды тәрбиелеуіміз керек, - деді ол.
Оның айтуынша, бала өз идеясының авторы болып қалса, нейрожелілер шығармашылық қабілетті дамытуға көмектесе алады.
Мысалы, ертегі құрастыру кезінде оқушы алдымен оқиға желісін, кейіпкерлерді және оқиғалардың ретін өзі ойластыруы керек. Содан кейін ғана педагогтің көмегімен ЖИ-ді иллюстрация жасауға немесе безендіру нұсқаларын салыстыруға пайдалануға болады.
Шығармашылық нейрожеліге сұрау жазудан емес, баланың өз идеясынан басталады. Жасанды интеллект оны дамытуға көмектесе алады, бірақ оның авторына айналмауы керек, - деп атап өтті Шахеризада Раш.
Мұғалімдер жаңа технологияларға дайын ба?
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы тамыздан бері «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының базасында педагогтер генеративті модельдерді пайдалану және ЖИ-ге сұрау құрастыру бағдарламасы бойынша оқытылып жатыр.
Алайда Шахеризада Раштың пікірінше, педагогтердің жаңа технологияларға дайындығы әзірге әркелкі.
Оның айтуынша, нейрожеліні қолдана білу жеткіліксіз. Мұғалім алынған материалдарды сыни тұрғыдан бағалап, балалардың жас ерекшелігіне бейімдеуі және сабақ берудегі өзіндік тәсілін сақтауы қажет.
Жасанды интеллект сабақтың құрылымын, тапсырмалар, иллюстрациялар мен бағалау нұсқаларын ұсына алады. Алайда ол әр баланы мұғаліміндей тани алмайды, – деді ол.
Педагогтің пікірінше, ЖИ-ді сәтті енгізу үшін мектептерге практикалық курстар, әдістемелік қолдау, тексерілген цифрлық құралдар және қауіпсіздіктің түсінікті ережелері қажет.
Сонымен бірге, Шахеризада Раш атап өткендей, жаңа технологиялар мұғалімдердің күнделікті бірсарынды жұмысын азайтуға тиіс, есеп санын көбейтпеуі керек.
ЖИ ауыл мектептеріне де енгізіліп жатыр
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі жеке бір жоба шағын жинақты мектептерге арналғанын атап өтті.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолданудың бірінші кезеңі басталады. Пилоттық кезеңде жоба кеңейтіліп, елдің барлық өңіріндегі 500-ге дейін шағын жинақты мектепті қамтиды. Алдағы уақытта жобаны кезең-кезеңімен кеңейту көзделген: 2029 жылға қарай елдегі барлық 2 600 шағын жинақты мектепті қамту жоспарланып отыр, - делінген ведомство жауабында.
Жасанды интеллект мұғалімді алмастыра ала ма?
Шахеризада Раштың пікірінше, технологиялар техникалық жұмыстың бір бөлігін атқара алады, бірақ педагогпен тікелей қарым-қатынасты алмастыра алмайды.
Мұғалім материалды түсіндіріп қана қоймай, баланың қиналғанын байқайды, қолдау көрсетеді және есепті шешудің өз тәсілін табуына көмектеседі.
Жасанды интеллект баланың зияткерлік мүмкіндіктерін кеңейтуі керек, оның ақыл-ойының орнын баспауы қажет. Қазіргі бастауыш мектептің басты міндетін осыдан көремін, - дейді ол.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда $5 млрд-тық AI орталығы салынып жатыр: Алғашқы нысан қашан іске қосылады?
Мемлекеттік қызметтен IT экспортына дейін: Қазақстанда жеті жылда не өзгерді?