Қазақстанда $5 млрд-тық AI орталығы салынып жатыр: Алғашқы нысан қашан іске қосылады?

Екібастұзда 1 ГВт-қа дейін есептеу қуатын арттыруға мүмкіндік беретін жоба жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы орталық қашан ашылады және Қазақстанға не береді?

 Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 19 Қазан 2026, 09:12
19 Қазан 2026, 09:12
225
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин Екібастұз қаласында салынып жатқан Data Center Valley нысанына барды. Бұл Қазақстандағы жасанды интеллект пен деректерді өңдеу саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, жұмыс сапары барысында делегация құрылыс жұмыстарының барысымен, жобаны іске асыру кезеңдерімен және Қазақстанда халықаралық есептеу қуаттары орталығын құру мүмкіндіктерімен танысты.

Data Center Valley заманауи деректерді өңдеу орталықтарын орналастыруға, жасанды интеллектіні дамытуға және халықаралық технологиялық компанияларды тартуға арналған ауқымды технологиялық кластер ретінде қалыптасып келеді.

Жоба инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамытып, есептеу қуаттарын 1 ГВт-қа дейін ұлғайтуды көздейді. Бірінші кезеңдегі 215 МВт қуат толық көлемде алдын ала бөлінген. Қуаты 50 МВт болатын алғашқы деректерді өңдеу орталығын 2027 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Кездесуде энергиямен жабдықтау, инженерлік инфрақұрылым, нысанның технологиялық дайындығы және құрылыс жұмыстарының бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуі негізгі талқылау тақырыптары болды.

Жаслан Мәдиев жобаның ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.

Бүгінде жасанды интеллект экономикалық өсім мен мемлекеттердің технологиялық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналып келеді. Алайда жасанды интеллектті дамыту үшін тиісті инфрақұрылым қажет. Оған есептеу қуаттары, сенімді энергиямен жабдықтау жүйесі және заманауи деректерді өңдеу орталықтары жатады. Data Center Valley Қазақстанға жаһандық жасанды интеллект картасында өз орнын иеленуге мүмкіндік беретін стратегиялық жоба. Біздің міндетіміз халықаралық технологиялық компаниялар Қазақстанның инфрақұрылымын пайдаланып қана қоймай, осында өз жобаларын дамытып, инвестиция салып, жаңа құзыреттер қалыптастыруына жағдай жасау, – деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Жоба NVIDIA және Firebird AI компанияларын қоса алғанда, халықаралық технологиялық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылуда. Ол жасанды интеллект модельдерін оқыту және пайдалану үшін озық графикалық процессорлар негізінде жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымын құруды көздейді.

Жобаны дамытуға салынатын инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 5 млрд АҚШ долларын құрайды деп күтілуде.

«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин Data Center Valley жобасын іске асыру Қазақстан үшін жаһандық цифрлық экономикада мүлде жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Ұзақ уақыт бойы Қазақстанды ең алдымен табиғи ресурстарға бай ел ретінде қарастырып келді. Бүгінде қолжетімді энергияны жаңа экспорттық өнімге, яғни есептеу қуаттарына айналдыруға мүмкіндік бар. Біз әлемдегі ең ірі жасанды интеллект жүйелеріне Қазақстан аумағынан тікелей қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін инфрақұрылым құрып жатырмыз. Ең маңыздысы, бұл енді жай ғана тұжырымдама емес. Бірінші кезеңдегі қуаттар толық көлемде алдын ала бөлінген, халықаралық серіктестер бар және нақты инвестициялық міндеттемелер қабылданған. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды әлемдік жасанды интеллект инфрақұрылымының негізгі орталықтарының біріне айналдыру, – деді Бағдат Мусин.

Data Center Valley жобасының бәсекелік артықшылықтарының бірі – электр энергиясының 1 кВт·сағ үшін 2,5 АҚШ центінен басталатын тарифпен қолжетімді болуы. Бұл нысанды энергияны көп қажет ететін есептеу жүйелері үшін тартымды етеді. Сонымен қатар жоба заманауи салқындату технологияларын қолдануды, энергия тиімділігін арттыруды және экологиялық стандарттарды сақтауды көздейді.

Мемлекеттік органдардың өкілдері мен жоба басшылығы құрылыстың келесі кезеңдерін, қажетті инфрақұрылымды дамытуды және халықаралық инвесторларды тарту бағытындағы жұмыстарды талқылады.

Data Center Valley іске қосылғаннан кейін Қазақстанда халықаралық жасанды интеллект компанияларының жұмыс істеуіне қажетті есептеу қуаттары пайда болады. Сонымен қатар жаңа технологиялық салалардың дамуына және білікті мамандарға арналған жұмыс орындарының ашылуына жол ашылады. Жоба Қазақстанның халықаралық цифрлық қызметтер нарығындағы орнын да нығайтады.

Наверх