20 Қараша 2026, 15:54 Фото: видеодан скриншот

Жетісуда ұрланған малдың етін гаражда саудалаған күдіктілер қолға түсті

Тоғыз эпизод, ұрланған 13 бас мал және 10 миллион теңгеге жуық шығын.

Жетісу полициясы мал ұрлығының жолын кесті. 13 бас малды ұрлады деген күдікпен екі азамат ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жетісу облысында полиция қызметкерлері бірнеше рет мал ұрлады деген күдікпен екі ер адамды ұстады.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Талдықорған қаласының 41 және 49 жастағы тұрғындары алдын ала ойластырылған схема бойынша әрекет еткен. Олар Ақсу және Ескелді аудандарының жайылымдарынан ірі қара мен жылқыларды ұрлап, малды сол жерде сойған. Кейін етін Талдықорған қаласына жеткізіп, гараждардың бірінде бөлшектеп, саудаға шығарған.

Алайда кезекті ұрлықты соңына дейін жеткізуге полиция қызметкерлері мүмкіндік бермеді. Ақсу аудандық полициясының жедел уәкілдері күдіктілерді ұрланған етті гаражға жеткізіп жатқан сәтте қолға түсірді.

Оқиға орнынан шамамен 600 келі жылқы еті тәркіленді. Ұрланған мүлік заңды иелеріне қайтарылды. Полицияның дер кезінде қабылдаған шаралары нәтижесінде ұрланған еттің одан әрі сатылуына тосқауыл қойылып, жәбірленушілерге қосымша материалдық шығын келтірудің алдын алды. Қазіргі уақытта ұсталғандардың 2025-2026 жылдары жасалған өзге де мал ұрлығы деректеріне қатыстылығы тексерілуде, - деп хабарлады Жетісу облысының ПД баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, бұған дейін Жамбылда малды үйірімен айдап әкеткен күдікті ұсталды.

Тағы оқи отырыңыз:

Абай облысында ірі мал ұрлығының беті ашылды: 8 адам бас бостандығынан айырылды

Қазақстандық мал өсірушілер Қырғызстаннан 1 миллион доллар тұратын қошқар сатып алды

Түнгі трассадағы қауіп-қатер: Абай облысында малға жарық шағылыстырғыш элементтер тағылуда