Жер мәселесін күзге дейін шешіп беремін, не мандатты беремін – Ермұрат Бәпи
Алматыда Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи халықпен кездесу ұйымдастырды. Жаңатұрмыс ауылында кеңес дәуірінде құрылған «Каменский» асыл тұқымды шаруашылығының жұмысшылары бұрынғы кәсіпорынның жерін бөліп беруді талап етті. Сондай-ақ Қарасай ауданының әкімдігі мен прокурорының үстінен шағымданды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Кәсіпорын ыдыраған кезде басшылық жұмысшыларға 653 гектар жер беріледі деп уәде берген. Дегенмен, Қарасай ауданындағы мұрағат қандай да бір себептермен өртеніп кеткен. Осылайша, «пайшылардың» құжаттары жойылып, жер алу мүмкіндігінен айырылған.
Мен «Каменский» асыл тұқымды шаруашылығында жұмыс істедім. Мекеме 2002 жылы 19 мамыр күні ыдырады. Сергей Терещенко Үкіметті басқарған кезеңде 653 гектар жер диқандарға берілді деген еді. Одан кейін жер телімдері АТФ банкке кепілге қойылған. Кейін «Шұғыла» ықшам ауданына, жаңадан бой көтерген Наурызбай ауданына 400 гектар және бірқатар әкімшілік ғимарат қосылды. Кейін Қарасай ауданындағы мұрағат қандай да бір себептермен өртеніп кетті және көптеген «пайшылардың» құжаттары жойылды. Осылайша, ешкім жерге ие бола алмай қалды. Осы мәселеге байланысты адвокат Ләззат Жапашеваны жалдаған едік. Ол комиссия құрып, 274 гектар жерді біздің иелігімізге берген. Кейін бұл жерлерді бір азаматтардың сатып алғаны белгілі болды. Қарасай ауданының әкімдігі бұл жерлерді қалай сатқанын түсінбедік, – дейді Зауреш Мамытбаева есімді белсенді.
Мәжіліс депутаты тұрғындардың пікіріне құлақ асып, алдағы уақытта бұл мәселені жіті қадағалап, кінәлілердің жауапқа тартылатынын атап өтті.
Сол кездегі басшылықтағы адамдар «пайшылар» жерін тартып алған. Ләззат Жапашеваның үйін тінтіп, құжаттарды тартып алған. Жерді жан-жаққа бөліп, біразын сатып жіберген. Адамдар сатып алған жерлеріне үй салып тастаған. Сөйтіп адвокат Ләззат Жапашева үйлерді заңсыз салды деп бейбіт тұрғындардың үйін бұзған. Сол себептен оны қамауға алған. Бүгінде 500 адам 8 соттық жер беруді талап етіп отыр. Осы мәселені күзге дейін шешіп беремін, не мандатты беремін, – дейді Ермұрат Бәпи.
Еске салайық, 2017 жылы дәл осындай жолмен жер талап еткен бір топ адам сотталған. Істі болғандардың бірі 5 жылға сотталып, 60 млн теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелсе, екіншісі 2 жыл мерзімге шартты түрде сотталған және 10 сағат түзеу жұмыстары мен 3 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелген.
Әр мәселенің екі ұшы бар демекші, бұл жағдайдың екінші тарапын да өздерін «пайшы» ретінде таныстырып, заңды жеріне қол жеткізе алмай отырған халық бар. Олар өздеріне тиесілі жерге үй салып алған адамдарға наразы. Наразы топтың пікірінше, барлығы заңды болуы қажет.