Жеке деректер неге қолды болып жатыр? – Министрлік басты себептерді ашып айтты
Министрлік жүргізген талдау нәтижелері азаматтардың жеке деректерінің таралуына бірнеше фактор әсер етіп отырғанын көрсеткен.
Қазақстанда азаматтардың жеке деректерінің таралуына, заңсыз жариялануына және ақпараттық қауіпсіздікке қатысты инциденттерге байланысты шағымдар азаймай тұр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі BAQ.KZ сауалына жолдаған ресми жауабында мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, уәкілетті органға азаматтардың дербес деректерінің таралуына, заңсыз жариялануына және ақпараттық қауіпсіздікке қатысты түрлі сипаттағы өтініштер мен хабарламалар тұрақты түрде келіп түседі.
Деректер қалай таралып жатыр?
Министрлік жүргізген талдау нәтижелері азаматтардың жеке деректерінің таралуына бірнеше фактор әсер етіп отырғанын көрсеткен.
Талдау нәтижесінде бірқатар жағдайда үшінші тұлғалардың рұқсатсыз қол жеткізуі, ақпараттық жүйелердің қорғалуының жеткіліксіздігі және азаматтардың өз деректерін интернет-ресурстарда бақылаусыз қалдыру фактілері қаралады, – делінген жауапта.
Ведомствоның мәліметінше, дербес деректердің таралуы көбіне интернет-сервистерде, мессенджерлерде, әлеуметтік желілерде және түрлі цифрлық платформаларда кездеседі.
Сонымен қатар, фишингтік ресурстар мен жалған қосымшалар да азаматтардың жеке ақпаратына қауіп төндіріп отыр.
Интернетке мониторинг жүргізіліп жатыр
Министрлік уәкілетті органдар интернет кеңістігін тұрақты бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.
Жекелеген жағдайларда тиісті материалдар құқық қорғау және арнайы органдарға жолданады, – деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелеріндегі қауіпсіздік талаптарының орындалуы тұрақты бақылауда екені айтылды. Министрлік мәліметінше, ақпараттық жүйелердің қорғалу деңгейі тексерулер, аудиттер, мониторинг және киберқауіпсіздік талаптарын енгізу арқылы бағаланады.
Жауапкершілік күшейтілген
Ведомство «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу, тарату немесе қорғау талаптарын сақтамау бойынша жеке және заңды тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Соңғы жылдары бұл бағыттағы бақылау және әкімшілік практика күшейтілді, – делінген жауапта.
Азаматтарды қорғау үшін қандай құралдар енгізіліп жатыр?
Министрлік киберқауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Олардың қатарында заңнаманы жетілдіру, азаматтардың өз деректеріне қолжетімділікті бақылау сервистерін енгізу, «СТОП-кредит» функциясын іске қосу, кибергигиенаны арттыруға бағытталған CITIZENSEC.KZ және NOMAD GUARD платформаларын дамыту бар.
Сонымен қатар, ведомство ЭЦҚ мен дербес деректерді заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейту, биометриялық аутентификацияны кеңінен қолдану бағытында да жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді.
Деректер таралса не істеу керек?
Министрлік азаматтарға жеке деректерінің заңсыз таралғанын анықтаған жағдайда әрекет ету жолын да түсіндірді.
Егер азамат өзінің дербес деректерінің таралғанын немесе заңсыз пайдаланылғанын анықтаса, уәкілетті органға, құқық қорғау органдарына шағым жолдай алады. Әрбір өтініш қолданыстағы заңнама аясында қаралады. Қажет болған жағдайда тексеру іс-шаралары жүргізіледі, – деп хабарлады ведомство.
Заңнамаға тағы қандай өзгерістер дайындалып жатыр?
Қазіргі уақытта министрлік дербес деректерді қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті.
Атап айтқанда, ірі операторларды есепке алу тетіктерін енгізу, деректерді қорғау талаптарын күшейту, кибермәдениет элементтерін енгізу, деректерді жасыру және хэштеу тетіктерін кеңейту, операторларды классификациялау және жаппай жүктеуге тыйым салу мәселелері қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, бөтен адамдардың жеке деректерін пайдаланып, азаматтарды алдап, кибералаяқтық жасалған оқиғалардың саны азаймай отыр. Мәселен, Қызылордада "Ақшаңызды еселеп қайтарамын" деп 154 адамды алдаған алаяққа үкім шықты.
Сондай-ақ, Украинаның Одесса қаласындағы call-орталықтан 120 қазақстандық зардап шеккен. Аталған call-орталықтың көзі жойылды. Келтірілген шығын көлемі 85 миллион теңгеден асады.
Тағы оқи отырыңыз: «Еңбек өтіліңіз табылды»: БЖЗҚ атын жамылған алаяқтар қазақстандықтарды алдап жатыр