Жарты ғасырға жуық құжатсыз жүрген: Қазақстандық әйел алғаш рет өзінің өмірде бар екенін дәлелдеді
46 жыл бойы құжатсыз жүрген.
Жарты ғасырға жуық құжатсыз жүрген қазақстандық әйел өзінің өмірде бар екенін дәлелдеуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алатау қаласында прокуратура туғаннан бері жеке басын куәландыратын құжаттары және жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) болмаған 46 жастағы әйелге көмектесті.
Анықталғандай, 1980 жылы анасы оның тууын АХАТ органдарында тіркемеген. Сол кезеңдегі медициналық мұрағаттардың сақтау мерзімі өтуіне байланысты жойылуы салдарынан құжаттарды соттан тыс тәртіппен қалпына келтіру мүмкін болмаған.
ЖСН-і болмағандықтан, әйел сотқа өз бетінше жүгіне алмаған, ал әпкесінің бұған дейін берген өтініші қанағаттандырылмаған.
Азаматшаның құқықтарын қорғау мақсатында Алатау қаласының прокуратурасы сотқа оның туу фактісін анықтау туралы талап қоюмен жүгінді. Сот талапты қанағаттандырды. Енді әйел тиісті құжаттарын рәсімдеп, медициналық көмек алуға, ресми түрде жұмысқа орналасуға және әлеуметтік қолдауға қол жеткізе алады, - деп хабарлады Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін ШҚО-да 69 жастағы зейнеткерге алғаш рет жеке куәлік берілді.
Тағы оқи отырыңыз:
Биыл 1,5 миллионнан астам қазақстандық паспорт пен жеке куәлік алды
Енді Қазақстан азаматтары Арменияға жеке куәлікпен бара алады