Жапония экс-премьерін өлтірген қылмыскерге өмір бойына жаза кесілді
Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэні өлтірген қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC News Русская служба басылымына сілтеме жасап.
Айыпталушы Тэцуя Ямагами 2022 жылдың шілде айында Нара қаласында өткен саяси сөз сөйлеу барысында экс-премьерге қолдан жасалған қарудан екі рет оқ атқан. Ауыр жарақат алған Синдзо Абэ ауруханада көз жұмды.
Айыпталушының қорғаушылары соттан 20 жылдан аспайтын жаза тағайындауды сұраған. Олар Ямагамиді «діни қысымның құрбаны» деп бағалаған.
Ямагамидің өзі Бірігу шіркеуіне наразылығын ашық айтқан. Оның айтуынша, анасы аталған ұйымға қомақты қаражат аударып, соның салдарынан отбасы банкротқа ұшыраған. Бұл іс жапон қоғамында діни ұйымдардың қайырымдылық қаражат жинаудағы агрессивті әдістері туралы кең талқылауға түрткі болды.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылдың қазан айында Жапония тарихында алғаш рет ел премьер-министрі қызметіне әйел адам тағайындалғаны хабарланған еді. Биліктегі Либерал-демократиялық партия жетекшісі сайлауында жеңіске жеткен Санаэ Такаити парламент мақұлдауынан кейін ресми түрде жоғары мемлекеттік қызметке кірісті.
2022 жылдың 8 шілдеде хабарлағанымыздай, Жапонияның экс премьер-министрі Синдзо Абэге қастандық жасалған болатын. Қалалық ауруханаға жеткізілген оның жүрегі мен тыныс алуы тоқтап, қайтыс болған.
Елдің бұрынғы премьер-министрін өлтірген азамат Нара аудандық сотының шешімімен қамауға алынған болатын.