Бүгiн 2026, 15:26 Фото: kaspi.kz

Жалған купюрамен төлем жасаған: Қарағанды облысында алаяқ әйел ұсталды

Қарағанды облысында сауда орнында жалған ақша қолданған әйел қолға түсті.

Қарағанды облысының Абай қаласында әйел тауарды жалған 10 мың теңгелік купюрамен сатып алып кеткен. Полиция оны бейнебақылау арқылы анықтап, қамауға алды.

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Абай қаласындағы киім бутиктерінің бірінде болған. Белгісіз әйел сатып алған тауар үшін 10 мың теңгелік купюрамен есеп айырысып, қайтарым ақшасын алып, дүкеннен шығып кеткен.

Кейін 70 жастағы сатушы купюраның жалған екенін анықтаған. Осыдан соң дүкен өкілдері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды әлеуметтік желіге жариялап, полицияға жүгінген.

Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары 38 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Аталған дерек бойынша «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлады Қарағанды облысының полиция департаменті.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктінің сыбайластары болуы мүмкін. Сондай-ақ олардың сувенирлік купюраларды пайдаланып, басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Полиция қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Еске салсақ, бұған дейін іздеу жарияланған алаяқ Ресейде ұсталғанын хабарладық. Күдікті Ресей Федерациясынан экстрадицияланды.

Тағы оқи отырыңыздар: Шетелдік азамат қазақстандықтарды телефон арқылы алдаған 

Алматы мен Астанада қазақстандықтардың жеке деректерін сатқандар анықталды

ІІМ ескертеді: Halyk+ жалған платформасы арқылы жаңа алаяқтық түрі таралуда