Жәбірленушілердің кешірімін алған Пак жазадан құтылып кетуі мүмкін бе?
Марқұмдардың туыстары Александр Пакты кешіріп, шартты жаза сұрады. Бірақ адвокат оның түрмеден құтылып кету ықтималдығына күмәнмен қарайды.
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында адам өліміне әкелген жол апаты бойынша жәбірленуші тараптың адвокаты Олег Чернов күдікті Александр Пактың жазадан құтылып кетуі екіталай екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот отырысынан кейін журналистер жәбірленушілердің күдіктімен татуласу туралы шешіміне қатысты сұрақ қойды. Адвокат бұл – жәбірленуші тараптың өз таңдауы екенін айтты.
Біз бүгін жәбірленушілердің шешімін естідік. Бұл – олардың құқығы. Олардың ұстанымын өздеріңіз де естідіңіздер, – деді Чернов.
Оның сөзінше, мұндай істерде жәбірленуші тарап пен сотталушының татуласуы жиі кездеседі, өйткені бұл қасақана жасалмаған қылмыстар санатына жатады.
Пак түрмеден құтылып кете ала ма?
Адвокаттың айтуынша, Александр Пакқа тағылған бап бойынша негізгі жаза – бас бостандығынан айыру.
Бұл бапта балама жаза жоқ. Яғни 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ерекше жағдайларда ғана сот жеңілірек жаза тағайындауы мүмкін. Бірақ дәл осы жағдайда ондай шешім болады деп ойламаймын. Бұл менің жеке пікірім, – деді ол.
Чернов сондай-ақ Пактың жәбірленушілерге өтемақы төлеген-төлемегенін нақты білмейтінін айтты.
Мен бұл процеспен айналыспадым. Тек татуласу туралы бастама болғанын естідім, бірақ қандай шарттар болғанын білмеймін, – деді адвокат.
Жалған нөмір не үшін керек болды?
Прокурор бұған дейін Александр Пактың жалған мемлекеттік нөмірлермен жүргенін айтқан болатын. Осыған қатысты сұраққа адвокат жалған нөмірлер камералар мен радарларға түспеу үшін пайдаланылуы мүмкін деген болжам айтты.
Меніңше, бұл құқық бұзушылықтарды камералар тіркемес үшін жасалған болуы мүмкін. Нақтысын іс материалдарын зерттегеннен кейін ғана білеміз, – деді ол.
Сондай-ақ адвокат жол ережесін жүйелі бұзу мәселесіне қатысты нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін атап өтті.
Еске салайық, бүгінгі басты сот отырысына жол апатында марқұм болған үш адамның тек екеуінің туыстары қатысты. Олар күдікті Александр Пакты кешірім беріп, тек шартты жаза тағайындауды сұраған болатын. Келесі сот отырысы 8 маусымға белгіленді.
Сонымен қатар, сот отырысы барысында Пак кінәсін толық мойындады.
Айта кетейік, іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі – екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша тергелді.
Аталған бап бойынша ең ауыр жаза – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.