23 Қараша 2026, 16:32 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Зейнеткерлерді 4 миллион теңгеге алдаған: Полиция алаяқтардың 5 тәсілін атады

Алаяқтар егде жастағы адамдарды түрлі сылтаумен тұзаққа түсіріп, жинаған ақшасын тартып алуы мүмкін. Полиция ең жиі қолданылатын 5 тәсілді ескертті.

Егде жастағы адамдар телефон және интернет алаяқтарының жиі нысанасына айналып отыр. Қаскөйлер олардың сеніміне кіріп, жақындары үшін алаңдаушылығын немесе қаржылық сауаттылығының жеткіліксіздігін пайдаланып, жинаған ақшасын иемденуге тырысады. Осыған байланысты Ақтөбе облысының полициясы зейнеткерлерді алдаудың кең таралған бес тәсілін еске салды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Полиция мәліметінше, алаяқтар көбіне адамдардың қорқынышы мен сенімін пайдаланады. Олар түрлі сылтау айтып, азаматтарды асығыс шешім қабылдауға итермелейді.

Алаяқтар қолданатын 5 тәсіл:

  • «Туысыңыз қиын жағдайға тап болды». Қаскөйлер жақын адамыңыз жол-көлік оқиғасына ұшырады немесе полицияға ұсталды деп хабарлап, мәселені шешу үшін ақша талап етеді.
  • «Ақшаңызға қауіп төніп тұр». Банк немесе полиция қызметкері болып танысқан алаяқтар жинаған қаражатыңызды жалған «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді.
  • «Есептегішті ауыстыру қажет». Коммуналдық қызмет маманы ретінде хабарласып, SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. Осы арқылы жеке деректер мен қаржылық сервистерге қол жеткізуді көздейді.
  • «Сізге өтемақы тиесілі». Қосымша төлем немесе зейнетақыны қайта есептеу сылтауымен банк картасының деректері мен растау кодтарын сұрайды.
  • «Тиімді инвестиция». Жоғары әрі кепілді табыс табуға уәде беріп, азаматтарды күмәнді жобаларға ақша салуға шақырады.

Полиция мұндай алаяқтықтың Ақтөбе облысында да тіркелгенін атап өтті. Атап айтқанда, 65 жастағы зейнеткерге белгісіз адамдар есептегіш орнату сылтауымен хабарласып, SMS-кодты айтуды сұраған. Кейін өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар ер адамды ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.

Нәтижесінде зейнеткер 4 миллион теңгесінен айырылған.

Осыған байланысты Ақтөбе облысының полиция департаменті тұрғындарды ата-аналары мен егде жастағы жақындарының қаржылық қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады.

Полиция SMS-кодтарды ешкімге айтпауға, белгісіз адамдардың нұсқауымен ақша аудармауға және күмәнді қоңыраулар кезінде асығыс шешім қабылдамауға кеңес береді.

Жақындарыңызбен алаяқтық тәсілдері туралы дер кезінде сөйлесу олардың жинаған қаражатын сақтап қалуға көмектесуі мүмкін.

Еске салсақ, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында әйелі күйеуінен сиырын сатып жібергенін жасыру үшін полицияға жалған хабар бергенін жаздық.

Тағы оқи отырыңыз: «Инвестициядан мол табыс табасың»: Жамбылда 715 млн теңгенің заңсыз айналымына қатысы бар әйел ұсталды 

ІІМ-нің арнайы тобы жұмылдырылды: Ақтөбеде кәсіпкерді өлтірді деген күдікті ұсталды