2 Қыркүйек 2026, 14:33 Фото: ©BAQ.KZ/ Жасанды интеллект

Салынып жатқан тұрғын үйден баспана алудың қандай қауіптері бар?

Қазақстандықтар баспананы құрылыс кезеңінде сатып алу арқылы қаржы үнемдеуге тырысады. Алайда мұндай мәмілелердің өз тәуекелі бар. Бұл туралы «Ұлттық тұтынушылар лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігі президентінің орынбасары Василий Романовский айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, салынып жатқан тұрғын үйден пәтер сатып алу кезіндегі ең үлкен қауіп – құрылыс компаниясының жобаны соңына дейін аяқтай алмауы.

Құрылыс аяқталмай қалуы мүмкін

Сарапшының айтуынша, құрылыс кезеңінде сатылатын пәтерлердің арзанырақ болуының басты себебі – құрылыс салушыға қаржының дәл қазір қажет болуы.

Кей жағдайларда құрылыс компаниясының немесе инвесторлардың қаражаты жетпей қалуы мүмкін. Соның салдарынан жоба тоқтап, тұрғын үй уақытында пайдалануға берілмейді немесе мүлде аяқталмай қалуы ықтимал, – дейді Василий Романовский.

Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарының бастапқы кезеңінде тәуекел жоғарырақ болады. Кейбір компаниялар іргетасын құйып, пәтерлерді сатып болғаннан кейін жобаны жалғастырмайтын жағдайлар да кездеседі.

Құрылыс компаниясын мұқият тексеру қажет

Маман тұрғын үй сатып алмас бұрын құрылыс салушының бұрынғы жобаларын, нарықтағы беделін және қаржылық жағдайын зерттеуге кеңес береді.

Компанияның қанша жылдан бері жұмыс істейтінін, бұрын қандай тұрғын үй кешендерін салғанын және оларды уақытында тапсырған-тапсырмағанын тексеру керек. Бұл тәуекелдерді азайтуға көмектеседі, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар, келісімшарттағы барлық тармаққа ерекше назар аудару қажет. Әсіресе құрылыс компаниясының міндеттемелері мен жауапкершілігі нақты көрсетілуі тиіс.

Ақшаны заңсыз жинау жағдайлары кездеседі

Романовскийдің айтуынша, тәжірибеде тұрғындардан қаражатты заң талаптарына сай емес жолмен жинаған құрылыс компаниялары да болған.

Мұндай жағдайларда сатып алушылар ақшасынан айырылып қана қоймай, баспанасыз қалу қаупіне де тап болады. Сондықтан сарапшы төлемдердің заңды тұлғаның ресми шотына жүргізілгеніне және барлық төлем құжаттарының сақталғанына көз жеткізуге кеңес береді.

Пәтерден кейін жасырын мәселелер анықталса не істеу керек?

Сарапшының айтуынша, тұрғын үйді сатып алғаннан кейін заңдық мәселелер немесе қарыздар анықталса, ең алдымен құрылыс салушыдан ресми түсініктеме талап ету қажет.

Тұтынушы құрылыс компаниясына жазбаша талап жолдап, мәселені жоюды сұрауы керек. Егер қарыз немесе басқа да заңдық кедергілер болса, оларды жою міндеті алдымен сатушы тарапқа жүктеледі, – дейді ол.

Егер құрылыс компаниясы мәселені белгіленген мерзімде шешпесе немесе оны жоюдан бас тартса, сатып алушы келісімшартты бұзу мәселесін көтере алады.

Ақшаны қайтаруға мүмкіндік бар

Маманның сөзінше, егер анықталған кемшілік елеулі сипатқа ие болып, оны жою мүмкін болмаса, сатып алушы мәмілені жарамсыз деп тануды және қаржысын қайтаруды талап етуге құқылы.

Бұл жағдайда пәтер құрылыс компаниясының меншігіне қайтарылады, ал сатып алушы тұрғын үй үшін төлеген қаражатын толық көлемде өндіріп алуға талап қоя алады.

Сарапшының пікірінше, құрылыс кезеңінде пәтер сатып алу тиімді болуы мүмкін, алайда мұндай шешім қабылдамас бұрын құрылыс компаниясының сенімділігін, құжаттардың заңдылығын және келісімшарт талаптарын мұқият тексеру қажет.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, заңсыз салынған үй сүрілсе, құрылыс компаниясы шығынды өтеуге міндетті.

Тағы оқи отырыңыз: «Құрылыс компанияларының уәделеріне сене бермеңіз»: Баспана сатып аларда нені ескеру керек?