Ясмина Тоқсанбаеваның ісі арбитраждық сотта қаралып жатыр – министр
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ОКҚ алаңында өткен брифингте жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваның Азия ойындарында алтын медальдан айырылуына қатысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта федерация осы мәселе бойынша бірлескен жұмыс жүргізіп, арбитраждық сотқа тиісті өтінімдерін жолдаған.
Бұл жерде ең маңыздысы – осындай жағдайдың қайталануына жол бермеу. Әрине, жауапкершілік спорт комитетінен бастап федерацияға, Ұлттық Олимпиада комитетіне, жаттықтырушыға және спортшының өзіне де қатысты. Жеңіл атлетикада 45 дисциплина бар. Осындай келеңсіз жағдай орын алды. Қазір біз жол картасын әзірлеп, мұндай жағдайлардың алдын алу бағытында жұмыс істеп жатырмыз, – деді Ербол Мырзабосынов.
Министр сот шешімі шыққаннан кейін оқиғаға кінәлі тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылатынын атап өтті.
Сонымен қатар ол министрлік пен федерацияның басты міндеті – спортшыны қолдау екенін айтты. Оның сөзінше, спорттық мансап бір жарыспен шектелмейді, алда Олимпиада ойындары бар.
Министр Ясмина Тоқсанбаеваның көрсеткен нәтижесі Олимпиада ойындарында жүлдеге таласуға мүмкіндік беретін деңгейде екенін жеткізді. Сондай-ақ федерация бюджеттен тыс қаражат есебінен спортшыға бір бөлмелі пәтер сыйлағанын айтты.
Бұдан бөлек, спортшының Азия чемпионаты мен басқа да халықаралық жарыстардағы нәтижелері ескеріліп, мемлекеттік наградамен марапатталған.
Бүгінгі басты мақсатымыз – спортшыларымызды жан-жақты қолдау, – деп түйіндеді министр.
Еске сала кетейік, Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева 2026 жылғы Айчи-Нагоя Азия ойындарында спорттық жүру сайысында мәреге бірінші болып келген еді. Алайда қашықтықты аяқтағаннан кейін оның нәтижесі жойылды. Бұған спортшы киген аяқ киімнің үлгісі себеп болған.
Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы спортшыға Азия ойындарындағы чемпионға тиесілі барлық сыйақы толық көлемде төленетінін мәлімдеді. Спортшының нәтижесін жоюға қатысты федерация наразылық білдіріп, тиісті шағым жолдаған.
Тағы оқи отырыңыз: Юрий Мельниченко Азиада чемпионы атағынан айырылған Ясмина Тоқсанбаеваға үндеу жасады