28 Қыркүйек 2026, 17:27

Ясмина Тоқсанбаеваға алтын үшін сыйақы толық төленеді – Жеңіл атлетика федерациясы

Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарындағы алтыннан айырылғанымен, чемпионға тиесілі сыйақыны толық алады.

Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы Ясмина Тоқсанбаеваға Азия ойындарындағы чемпионға тиесілі барлық сыйақы толық көлемде төленетінін мәлімдеді. Спортшының нәтижесін жоюға қатысты федерация наразылық білдіріп, тиісті шағым жолдаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Федерацияның мәліметінше, Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен марафондық қашықтықта өнер көрсетіп, 42,195 шақырымды 3:22:20 уақытта бірінші болып аяқтаған.

Алайда жарыстан кейін спортшы пайдаланған аяқ киімге қатысты наразылық түскен. World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді көрсетілгенімен, Ясмина жарыста пайдаланған нақты модель аталған тізімге кірмеген.

Осыған байланысты спортшының нәтижесі жойылып, жарыстың қорытынды хаттамасы қайта қаралған.

Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы бұл шешімге қатысты өз тарапынан наразылық білдіріп, тиісті шағым жібергенін хабарлады.

Федерацияның айтуынша, маңызды жайттардың бірі – Ясминаның аяқ киімі жарыс басталғанға дейін тексеріліп, спортшыға жарысқа қатысуға рұқсат берілген.

Алайда жарыс басталғанға дейін спортшының аяқ киімі тексеріліп, жарысқа қатысуына рұқсат берілген. Осыған байланысты федерация Ясминаның құқықтары мен мүддесін қорғау жұмысын әрі қарай жалғастырады, – делінген федерация мәлімдемесінде.

Ұйым спортшының дайындығы мен жарыс кезіндегі нәтижесінен бөлек, халықаралық жарыстардың техникалық талаптарын сақтау және спортшылардың мүддесін халықаралық спорт ұйымдарында қорғау да маңызды екенін атап өтті.

Федерация бұл жағдайда өзінің жауапкершілігін де жоққа шығармайтынын мәлімдеді.

Спортшының сапалы дайындығы мен жарыстағы нәтижесінен бөлек, белгіленген регламенттер мен техникалық талаптарды сақтау, сондай-ақ халықаралық спорт ұйымдарында спортшылардың мүддесін тиімді қорғау да маңызды, – делінген хабарламада.

Ұйымның мәліметінше, Ясмина Тоқсанбаеваға оқу-жаттығу процесі, медициналық-биологиялық сүйемелдеу және дайындыққа қажетті жағдай толық қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар федерация халықаралық жарыстарда қазақстандық спортшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау тетіктерін одан әрі күшейту қажет екенін атап өтті.

Ясминаға сыйақы толық төленеді

Федерация апелляция мен наразылықтың нәтижесіне қарамастан, Ясмина Тоқсанбаеваға чемпионға тиесілі барлық сыйақы толық көлемде төленетінін мәлімдеді.

Біз үшін Ясмина – чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген шағымымыз бен наразылығымыздың нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық сыйақы Федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді, – делінген мәлімдемеде.

Осылайша, спортшының жарыстағы нәтижесіне қатысты дау әлі жалғасып жатыр. Федерация қазіргі уақытта World Athletics, Азия жеңіл атлетика қауымдастығы, Азия Олимпиада кеңесі және Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитетімен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Федерация Ясминаның құқықтары мен мүддесін қорғау үшін қабылданған шешімге қатысты жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.