6 Тамыз 2026, 07:30 Фото: Shutterstock

Қазақстан Wildberries-тің жаңа логистикалық базасына айналып бара ма? Сарапшы пікірі

Сарапшы Wildberries-тің Қазақстандағы болашағына қатысты болжамын айтты.

Ресейдегі Wildberries айналасындағы соңғы оқиғалар қазақстандық кәсіпкерлер мен тұтынушыларға да әсер етуі мүмкін. Маркетплейстің жұмысына қатысты туындаған тәуекелдер, жеткізу тізбегі мен сауда процесіндегі ықтимал өзгерістер отандық бизнеске қалай ықпал етеді? Осы және өзге де мәселелер жөнінде BAQ.KZ тілшісі экономист, сарапшы Ғали Дінмұхаммедтен сұрап білді.

Сарапшының сөзінше, Wildberries компаниясының Астана мен Алматыда ірі логистикалық кешендер салуы ресейлік бизнестің Қазақстанға амалсыз көшуі деп айтуға әзірге негіз жоқ. 

Себебі Wildberries 2014 жылы Қазақстанда жұмыс істеген. 2021 жылы сату жүйесін іске қосты. Астана мен Алматыда жалпы ауданы 260 мың шаршы метр екі кешен салып жатыр. Ол келесі жылы іске қосылады деген сөз. Сондықтан бұл құрылыстар Ресейдегі шабуылдардың салдары деп айту әзірше дұрыс емес, - дейді сарапшы. 

Екіншіден, Wildberries Ресейдегі негізгі логистикалық желісін қазақстанға толық көшіруі экономикалық жағынан тиімсіз. 

Қазақстандағы қоймалар ішкі нарыққа, Орталық Азия жекелеген бағыттарына және Ресей шекаралас өңірлеріне қызмет көрсетуге қолайлы. Ал Ресейдің еуропалық бөлігін қамтамасыз ету қиынға түседі. Қазақстандағы кейбір қоймалардың бағалары Мәскеу бағаларымен бірдей болып отыр. Үшіншіден, Қазақстанда әзірше ірі бос қоймалар жеткіліксіз. Нарықтық бағалау бойынша 133 мың шаршы метр болғанымен, ол әртүрлі қалада орналасқан. Сондықтан дайын кешен табу қиын. Оның үстіне сапалы қойма, өзіндік инфрақұрылымы керек. Қазақстанның компаниялары маңызды өңірлік логистика торабына айналуы мүмкін, - дейді Ғали Дінмұхаммед.

Экономикалық тұрғыда пайда бар, саяси қауіп жоқ па? 

Ғали Дінмұхаммедтің сөзінше, қазақстандық қоймаларға келетін тауарларға кедендік бақылауды күшейту керек. 

Санкциялық тауарларды сатпауға тырысу керек. Негізгі қауіп қойма арқылы қандай тауарлар өтіп, олар қандай бағытта барғанына байланысты. Сондықтан әскери немесе қосарланған тауарлардың бақылаусыз сатылуына жол бермеу керек, - дейді ол. 

Отандық маркетплейстерге әсері қандай? 

Сарапшы жалпы Қазақстанда Wildberries-тен бөлек те маркетплейстер жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Оның сөзінше, отандық маркетплейстер бәсекеге төтеп бере алады. 

Бірақ олардың мүмкіндігі бірдей емес. Мысалы kaspi.kz-ті алар болсақ, оның артықшылығы ол жай интернет дүкен емес, ол күнделікті қолданатын қаржы экожүйесі. Оның қоймалары тұтынушыға бір күннің ішінде тауар жеткізіп бере алады. Бірақ ішкі отандық өндірушілерге қауіп төнуі мүмкін. Себебі Wildberries төмен баға қоюы мүмкін. Отандық маркетплейстерге және Wildberries компаниясына талап қою керек, - деп түйіндеді маман. 

Еске салайық, күні кеше сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Wildberries маркетплейсіндегі жағдайға қатысты пікір білдіріп, кәсіпкерлерді сауда алаңының сенімділігіне, тауарды жеткізу жылдамдығына және логистикалық тәуекелдерге мән беруге шақырған еді. 

Арман Шаққалиевтің сөзінше, Wildberries компаниясы қазір Қазақстанда шамамен 46 мың шаршы метр қойма аумағын жалға алып отыр.