20 Қазан 2026, 14:11 Фото: ІІМ баспасөз қызметі

«Дауыс берші» деген өтініштің артында не жатыр? WhatsApp-тағы қауіпті хабарлама

«Біздің қызымыз байқауға қатысып жатыр»: WhatsApp-тағы алаяқтықтың жаңа схемасы.

Таныс па, бейтаныс па әйтеуір әлдекім болып хабарласқандар алдымен балаға байқауда қолдау білдіруді, кейін 80 мың теңге қарыз беруді сұрайды. Солтүстік Қазақстан облысында полиция осындай схема бойынша 14 алаяқтық дерегін тіркеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Балама дауыс берші» немесе «Біздің қызымыз байқауға қатысып жатыр» деген хат келгенде не істейсіз?

Қазақстандықтарға мессенджерлерде таныстарынан осындай хабарламалар түсіп жатыр. Өтінішпен бірге балалар байқауының парақшасына апарады делінген сілтеме қоса жіберіледі.

Қауіпсіз болып көрінетін бұл дауыс берудің артында тұзақ жатыр. Сілтемеге өту аккаунттың бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.

Ары қарай алаяқтар парақша иесінің атынан әрекет етеді. Олар оның достары мен туыстарына жазып, шұғыл түрде қарызға ақша сұрайды. Мысалы, кешке дейін 80 мың теңге. Аударым үшін реквизиттерді жіберіп, ақшаның шұғыл қажеттігін қаржылық қиындықтармен түсіндіреді. 

Ал парақша иесінің өзі бұл сәтте аккаунтына кіре алмай қалуы мүмкін және өзінің атынан ақша жиналып жатқанынан мүлдем бейхабар болады.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Қожахметов мұндай схеманың әртүрлі мессенджерлерде, соның ішінде WhatsApp-та да жұмыс істейтінін ескертті.

Күдіктенуге тағы бір себеп – танысыңыз кенеттен «Қарашы, мына суреттегі сен емессің бе?» деген хабарлама жібергенде. Бұл сілтеме зиянды бағдарламасы бар сайтқа апаруы мүмкін.

Полиция мұндай хабарламаларды алған кезде жіберушіге қоңырау шалып, оның шынымен де дауыс беруді немесе ақша аударуды сұрап жатқанын тексеруге кеңес береді.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада Оңтүстік Кореядан жұмыс уәде еткен алаяқ әйел ұсталды. 

Тағы оқи отырыңыз: 

Арзан үй алып беремін деп 30 миллион теңге жинаған қостанайлық әйел жауапқа тартылды

Балаларды Испанияға апарамыз деп ата-аналардан 24 млн теңге алған жаттықтырушы сотталды

Автосалон директоры клиенттерді 128 млн теңгеге алдады