Визасыз режим: Қытайға барған қазақстандықтар мен Қазақстанға келген қытайлықтар саны белгілі болды
Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим екі ел азаматтарының өзара сапарларының артуына ықпал етіп отыр. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанға Қытайдан 937 мың турист келген. Бұл туралы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлин Астанада БАҚ өкілдеріне арналған брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дипломаттың айтуынша, 2025 жылы Қазақстанға Қытайдан 969 мың турист келген. Ал өткен жылы Қазақстан азаматтары Қытайға 730 мың рет сапар жасаған.
Биылғы жылдың тоғыз айында Қытайға барған қазақстандықтардың саны 690 мыңға жеткен.
Елші екі ел арасындағы әуе қатынасының да туристік алмасуды дамытуға ықпал етіп отырғанын атап өтті. Қазіргі уақытта Қытайдың 11 қаласынан Қазақстанға тікелей әуе рейстері қатынайды.
Хань Чуньлиннің сөзінше, 2027 жылы мәдени және туристік іс-шараларды кезең-кезеңімен өткізу, сондай-ақ әуе қатынасын одан әрі оңтайландыру жоспарланып отыр. Осы шаралардың нәтижесінде екі ел арасындағы туристік ағынның оң динамикасы сақталады деп күтіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Қытай елшісі Си, Трамп және Путиннің үшжақты кездесуі жайлы айтты.
Сондай-ақ, Қытай елшісі Қазақстан жастарына болашағы зор 5 саланы атады.