Венесуэлада хантавирустан үш адам көз жұмды
Елдің денсаулық сақтау министрлігі Ансоатеги штатында ауру жұқтырғандар анықталғанын растап, өлім себептеріне қатысты тергеуді бастады.
Венесуэланың Денсаулық сақтау министрлігі хантавирус жұқтырған үш адамның қайтыс болғанын растады.
Елдің ұлттық баспасөзінің хабарлауынша, министрлік мәлімдемесінде Ансоатеги штатында хантавирус жұқтыру салдарынан үш адамның көз жұмғаны нақтыланған.
Ведомство қаза тапқандардың кім екені мен жасын жариялаған жоқ. Сонымен қатар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жан-жақты тергеу басталғаны хабарланды.
Бұдан бөлек, Венесуэланың Денсаулық сақтау министрлігі елдің батысындағы Баринас штатында екі медицина қызметкерінің әзірге анықталмаған себептермен қайтыс болғанын мәлімдеді.
Министрлік мәлімдемесінде Баринас штатындағы өлім жағдайлары мен Ансоатеги штатында расталған хантавирус жұқтыру оқиғаларының арасында ешқандай байланыс жоқ екені, бұл екі оқиғаның бір-бірінен тәуелсіз болғаны атап өтілді.
Хантавирус
Хантавирус негізінен адамға кеміргіштер арқылы жұғады.
Вирус кеміргіштердің кепкен нәжісі, зәрі немесе сілекейінің ұсақ бөлшектері аралас ауаны жұтқан кезде жұғуы мүмкін. Кейбір жағдайда ауру жануардың тістеуі немесе тырнауы арқылы да беріледі.
Бұл дерттің негізгі белгілері – дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және бұлшық еттің ауыруы. Ауру асқынған жағдайда тыныс алу жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Кейде ішкі қан кету мен бүйрек жеткіліксіздігі де байқалады.
Еске салайық, бұған дейін туристер мінген лайнерде қауіпті вирус тарап, үш адам қайтыс болғаны туралы жаздық.
Сондай-ақ ДДСҰ хантавирус жұқтырғандардың ресми санын жариялады.
Сонымен қатар ДДСҰ, психологтар мен санитарлық мамандар хантавирусқа қатысты қоғамдағы алаңдаушылықты талдады.